Алматыда шенеуніктен ақша бопсалады деген күдікпен блогер-журналист ұсталды

Бүгін, 10:30 / Қайсар Қалам
Сурет: ІІМ

Алматыда полиция қызметкерлері әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге талап етті деген күдікпен блогер-журналисті ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ақша бопсалады деген күдікпен блогер-журналисті ұстады. Алдын ала деректер бойынша, күдікті мемлекеттік органдардың қызметіне нұқсан келтіретін материалдарды әлеуметтік желілерде таратпау үшін әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге көлемінде сыйақы талап еткен», – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Тергеу іс-қимылдары барысында күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізілді. Нәтижесінде электронды тасымалдағыштар және тергеу үшін маңызы бар өзге де заттар тәркіленді», – деп қосты ведомство.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
 

Тэгтер:

тергеу кәсіпкер бопсалау блогер журналист