Қазақстанда ҰБТ тапсыру форматы тағы да өзгермек

Бүгін, 13:02 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу форматын қайта өзгерту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және ETS білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйымы еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге арналған негізгі құралы – Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) трансформациялауға бағытталған стратегиялық әріптестікті бастайтынын мәлімдеді.

Соңғы жиырма жылдан астам уақыт бойы Ұлттық бірыңғай тестілеу Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу процесінде орталық жүйе рөлін атқарып, барлық өңірлер мен әлеуметтік топтардағы түлектерге жоғары білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. Енді ETS ұйымының білімді бағалау саласындағы жаһандық тәжірибесіне сүйене отырып, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы жаңартылып, ол тек академиялық жетістіктерді ғана емес, өмір мен кәсіби қызметте қажет негізгі дағдыларды да бағалайтын болады.

«Бұл әріптестік – Қазақстанның болашағы үшін маңызды бетбұрыс. ETS ұйымымен бірлесіп, олардың білімді бағалау саласындағы әлемдік тәжірибесін енгізу арқылы біз жастарымыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, өзге елдерге үлгі боларлық бағыт қалыптастырамыз. Университеттер мен мектептермен бірлесе отырып, жоғары оқу орындарына түсудің бәсекеге қабілетті жүйесін құрып жатырмыз», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі.

Білімді бағалаудың жаңа моделін енгізу Қазақстан үшін бірқатар маңызды артықшылықтар береді. Дағдыға бағытталған тестілерді әзірлеу қазақстандық студенттердің жаһандық экономикада сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруіне және жаңа буынды кәсіби тұрғыдан табысты іске даярлауға жағдай жасайды. Сонымен бірге адам капиталы мен кәсіби даярлықтың халықаралық стандарттарына сай қабылдау жүйесін жаңарту еліміздің білім мен инновация саласындағы көшбасшылық ұстанымын нығайтып, инвестициялар мен таланттар үшін тартымдылығын арттырады. Сондай-ақ жаңартылған ҰБТ форматы барлық талапкерлер үшін әділдік пен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етпек: икемді тест комбинациялары, бірыңғай бағалау жүйесі және өңірге, мектепке немесе оқыту тіліне тәуелсіз бірдей қолжетімділік қарастырылған.

«ETS өз тәжірибесін бағалау саласында және жаһандық көзқарасын Қазақстанмен бөлісу мүмкіндігіне ие болғанын мақтан тұтады. Бұл ынтымақтастық түрлі елдердің күш-жігерін біріктіру арқылы білім беру сапасын арттыруға және жаңа мүмкіндіктер ашуға жол ашатынын көрсетедіі», - деді ETS бас директоры Амит Севак.

Айта кетейік, ETS – білім беру және таланттарды дамыту саласындағы халықаралық ұйым. Ол уақыт сынынан өткен TOEFL, TOEIC, GRE, Praxis және Futurenav сияқты емтихандар мен дағдыны бағалау шешімдері, сондай-ақ ETS институты жүргізетін инновациялық зерттеулер арқылы жұмыс істейді. 200-ден астам ел мен аумақтағы еншілес компаниялар мен кеңселерден тұратын жаһандық желі арқылы ETS жыл сайын 50 миллионнан астам адамның өз қабілеттерін бағалап, жаңа мүмкіндіктер ашуына көмектеседі.
 

Тэгтер:

ұбт білім министрлік ETS