Апелляциялық сот Алматыда хостелде 13 адамның қаза табуына байланысты іс бойынша шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сот шешімімен хостел директоры Әділбек Мұхамедияров 5 жылға, өрт дабыл жүйесін орнатқан компания басшысы Александр Пекельник 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Пекельниктен моральдық өтемақы өндіру бөлігі ғана жойылып, қалған үкім күшінде қалды.
Пекельниктің қорғаушылары оны ақтауды сұрап, ол хостелдің өрт қауіпсіздігіне жауапты болмағанын және өрт дабыл жүйесін ғимарат бос тұрған кезде орнатқанын айтты. Өзі де кінәсін мойындамаған.
Мұхамедияровтың адвокаттары айыптауды қайта саралап, келтірілген залалды азайтуды өтінген. Кейбір жәбірленушілер оның жазасын қатаңдатуды сұраса, Пекельникке шағымдары болмаған.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Алматыдағы Almaty Hostel-де өрт болып, 13 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған бала көз жұмды. Тағы 67 адам эвакуацияланды.
Тергеу мәліметінше, ғимарат құжат жүзінде «кеңсе» ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде хостел ретінде пайдаланылған. Өрт сөндіру жүйесі талапқа сай орнатылмаған, ал дәліздегі матрастар эвакуация жолын бөгеген.