Вице-премьердің айтуынша, елде ішкі нарықты қамтамасыз ету және экспортты ұлғайту бойынша шаралар қабылданып жатыр. 2030 жылға қарай қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт үлесін 70%-ға жеткізу көзделген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Экспорттаушыларға қолдау көрсету үшін 20-дан астам қаржылық және қаржылық емес құралдарды қамтитын экожүйе жұмыс істейді: экспорттық тәуекелдерді сақтандыру, субсидиялау, кеңес беру, халықаралық көрмелерге қатысу шығындарын өтеу, тасымал шығындарының бір бөлігін жабу және шағын және орта бизнеске арналған экспорттық акселерация бағдарламасы.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар дайындалып жатыр. Ол саланы стратегиялық жоспарлаудың негізгі құжатына айналады.
Жоспарда мал басын көбейту, өнімділікті арттыру, өңдеуді және экспортты дамыту көзделген. Сондай-ақ 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру, племенной мал сатып алуға арнайы несие ұсыну, «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін кепілдендіру, фермерлерге жер беру рәсімдерін жеңілдету, шопандар мен малшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың балаларына тегін жоғары білім беру және әскерден босату секілді шаралар бар.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары ет импортына кедендік бажды алып тастауға қарсы шыққан еді. Олардың пікірінше, мұндай қадам отандық мал өсірушілердің шығынға ұшырауына, бағаның құлдырауына және «Ауыл аманаты» бағдарламасына зиян келтіруі мүмкін. Депутаттар ішкі нарықта ет тапшылығы жоқ екенін айтып, шетелдік жеткізушілерді емес, отандық өндірушілер мен ауыл инфрақұрылымын қолдауға шақырды.