Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI қазақ тіліндегі ChatGPT жүйесін дамытуға күш біріктірді

Бүгін, 18:39 / Arasha.kz

АҚШ-қа Мемлекет басшысының сапары барысында Вашингтонда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI, Inc. компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі нұсқасын жетілдіру және дамыту жөнінде ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кездесуде OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс пен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліндегі жасанды интеллектінің дәлдігі мен сапасын арттыруға бағытталған бірлескен жобаларды талқылады.

Ынтымақтастықтың басты мақсаты – қазақ тіліндегі деректер базасын кеңейту, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен толықтыру.

Сонымен қатар, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы білім беру саласын қолдауда жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Келісім нәтижесінде мұғалімдерге қазақ тілінде оқу бағдарламалары мен сабақ жоспарларын, дәрістер мен әдістемелік материалдарды жасанды интеллект негізінде әзірлеудің жаңа мүмкіндіктері ашылады.

Бұл серіктестік қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамыту мен оның жаһандық цифрлық экожүйедегі орнын нығайтудың маңызды кезеңі болып саналады.