Ақмола облысында 570 млн тұратын жоба қалай 1,1 млрд болып кетті?

Бүгін, 14:07 / Arasha.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды

Ақмола облысының Бұланды ауданына қарасты Вознесенка ауылында су жүйесін жаңарту жобасының құны екі есеге өсті. Бастапқыда 570 миллион теңгеге бағаланған жоба кейін 1,1 миллиард теңгеге дейін қымбаттаған. Бұл туралы КазТАГ агенттігі хабарлайды.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін ауыл тұрғындарына су аптасына бір рет қана жеткізілетін. Қазір әр үйде жаңа ұңғымалардан тартылған су бар. Жобаны Бұланды ауданының құрылыс бөлімі тапсырыс беріп, мердігер компания ретінде «Спецстрой Групп ЛТД» серіктестігі жұмыс атқарған.

Вознесенкада шамамен 920 тұрғын бар, барлығы 300-ге жуық үй орналасқан.

Мемлекеттік сатып алу порталының дерегіне сүйенсек, су жүйесін қайта құруға арналған конкурс 2023 жылдың наурызында өткен. Сол кезде «Спецстрой Групп ЛТД»-мен 570 миллион теңгеге келісімшарт жасалған, ал жұмыстың жоспарланған мерзімі —12 ай болған.

Алайда көп ұзамай жоба құны қайта қаралып, қосымша келісім негізінде жалпы шығын 1,1 миллиард теңгеге дейін өскен. Бұл шамамен екі есеге қымбаттау деген сөз. Аудан әкімдігі мұндай айтарлықтай өсімнің себебін егжей-тегжейлі түсіндірмеген.

Ашық деректерге қарағанда, «Спецстрой Групп ЛТД» компаниясының құрылтайшысы — Анар Қабдрахманова. 2015 жылдан бері компания бюджетке 1,5 миллиард теңге салық төлеген. Ерекше назар аударарлық жайт — компанияның бюджетке төлейтін салық көлемі 2022 жылдан кейін күрт артқан.

Тэгтер:

теңге жоба ауыл Ақмола облысы су құбыры Вознесенка млрд