Бар ақшамыз өзбек ағайынға кетті ме? Қазақстан көрші елге 1 айда 25 млрд теңге жіберген

Бүгін, 16:59 / Ахмет Қанатұлы
pixabay.com

2025 жылдың қыркүйек айында қазақстандықтар шетелге 71,6 млрд теңге сомасында 149,3 мың халықаралық ақша аударымы (ХААЖ) жіберді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл тамыз айымен салыстырғанда аударым санының 5,1%-ға өскенін, ал жалпы көлемнің 1,6%-ға азайғанын көрсетеді.

Шетелге аударымдар географиясы

Қазақстаннан ең көп қаржы аударылған мемлекеттердің қатарында дәстүрлі түрде Өзбекстан, Ресей және Түркия бар.

Өзбекстанға — 25,0 млрд теңге (барлық аударым көлемінің 34,9%-ы),

Ресейге — 20,3 млрд теңге (28,4%),

Түркияға — 11,3 млрд теңге (15,8%),

Грузияға — 4,2 млрд теңге (5,8%),

Қырғызстанға — 2,4 млрд теңге (3,4%).

Бұл елдерге жасалған аударымдар жалпы соманың 88 пайызынан астамын құрайды.

Аударым жүйелерінің үлесі

Шетелге ақша жөнелтуде «Золотая Корона» жүйесі негізгі көшбасшы болып отыр — барлық операциялардың 84 пайыздан астамы осы жүйе арқылы жүргізілген. Одан кейін Western Union (10,9%), MoneyGram (2,5%) және UPT (1,8%) жүйелері келеді.

Валюта құрылымы

Халықаралық аударымдардың көп бөлігі қазақстандық теңгемен жасалған — олардың жалпы санындағы үлесі 69,9%, ал көлемі бойынша 55,8%.
АҚШ доллары арқылы жасалған аударымдар санының үлесі 16,3%, ал сомасы бойынша 34,6%.
Ресей рублі мен еуроның үлесі тиісінше 13,6% және 0,2% шамасында.

Шетелден келген ақша аударымдары

Қыркүйек айында Қазақстан азаматтары шетелден 20,4 млрд теңге көлемінде 48 мың ақша аударымын қабылдады. Бұл көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда сәл төмен — аударым саны 0,8%-ға, ал көлемі 2%-ға азайған.

Негізгі елдер

Қазақстанға ең көп қаражат аударылған елдер мыналар:

Ресей – 4,7 млрд теңге (23%),

АҚШ – 3,0 млрд теңге (14,9%),

Өзбекстан – 2,6 млрд теңге (12,5%),

Түркия – 2,5 млрд теңге (12,4%),

Германия – 1,6 млрд теңге (8%).

Бұл бес елден келген қаражат жалпы түсімнің шамамен 70 пайызын құрап отыр.

Ақша алу жүйелері

Қазақстанға келетін аударымдардың басым бөлігі де «Золотая Корона» жүйесі арқылы жасалған – барлық түсімнің жартысына жуығы (49,2%) осы жүйеге тиесілі. Одан кейін Western Union (33,4%) және MoneyGram (15,9%) келеді.

Валюталар бойынша түсімдер

Шетелден алынған аударымдардың негізгі бөлігі АҚШ долларымен (58,3%) және қазақстандық теңгемен (19,4%) жүргізілген. Қалған бөлігі рубль (15,4%) мен еуро (6,9%) үлесіне тиесілі.

Тэгтер:

қазақстан өзбекстан ақша аударым