Жамбыл облысында 16 жастағы колледж студенті қайтыс болды

Бүгін, 08:20 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында қайғылы жағдай орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, Байзақ колледжі №3-тің 16 жастағы студенті өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Болжам бойынша, оқиға қарсаңында жасөспірім әкесінің көлігіне зақым келтірген. Кейін оны шаруашылық ғимараттың ішінен өлі күйінде тапқан. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тергеу барлық нұсқаны тексеруде.

Көршілері мен таныстарының айтуынша, жасөспірім өскен отбасы тұрмысы жақсы жанұя болған: ата-анасы жұмыс істейді, үлкен балалары студент, ал кенже қыз мектепте оқиды.

Бұған дейін өңірде кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау және құқық бұзушылық жағдайлары жиілегеннен кейін, Жамбыл облысына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, Мәжіліс депутаттары мен республикалық комиссия мүшелері келген еді.

Мемлекеттік органдардың назар аударуына қарамастан, аймақтағы, сондай-ақ жалпы ел бойынша да балалар мен жасөспірімдер арасындағы өлім-жітім мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Қыркүйекте Алматыда 17 жастағы жеке мектеп оқушысы оқудан шығарылғаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған болатын.
 

Тэгтер:

суицид жамбыл студент