Астана маңындағы ауылда екі жылу қазандығы жарылды

Бүгін, 15:43 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Таңертең Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Жібек Жолы ауылында екі жылу қазандығы жарылған, деп хабарлайды Arasha.kz сайты ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап.

«Алғашқы жарылыс жеке тұрғын үйде болған. Сол сәтте үй иесіне газбен қамту ұйымының өкілдері келген екен. Соның салдарынан қызмет көрсетуші ер адам зардап шекті. Біраз уақыттан кейін қасында орналасқан екінші қазандықта да жарылыс болды», – деді жергілікті тұрғындар.

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі бұл деректі растады.

«Жарылыс өртсіз өтті, біздің күштер мен техника оқиға орнына тартылмады. Бір ер адам ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен ер адам Астана қалалық ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді. Дәрігерлер оның жабық бас-ми жарақатын анықтап, амбулаторлық емдеуге жіберген.

Ал ауыл тұрғындары болған жағдайға елді мекенде жиі болатын электр жарығының үзілуі себеп болды деп есептейді. Олардың айтуынша, токтың жиі ажыратылуы қазандық жабдықтарына шамадан тыс салмақ түсіреді.
 

Тэгтер:

жедел жәрдем Аршалы жылу қазандығы