Жерге қайта алмай отырған қытайлық ғарышкерлер космоста мәңгілікке қалып қойды ма?

Бүгін, 16:51 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Қытайдың "Тяньгун" орбиталық станциясында жүрген "Шэньчжоу-21" экипажы белгіленген мерзімде Жерге қайта алмай қалды. Бұл туралы Қытайдың ғарыш бағдарламасы агенттігі (CMSA) хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

Агенттіктің мәліметінше, капсуланың қайту бөлігіне ғарыш қоқыстарының микроскопиялық бөлшектері соғылған. Осы себепті экипаждың Жерге оралу миссиясы кейінге шегерілді.

Хабарламаға сәйкес, үш ғарышкерден тұратын "Шэньчжоу-21" командасы 5 қарашада Жерге оралуы тиіс болған. Алайда модульдің зақымдануына байланысты инженерлер тәуекелді бағалап, миссияны ұзарту туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта нақты мерзім мен техникалық жағдай туралы ресми ақпарат берілмеген.

Ғалымдар мен мамандардың айтуынша, капсулаға соғылған бөлшектердің көлемі өте кішкентай болғанымен, мұндай соққы конструкцияның беріктігі мен қауіпсіздігіне елеулі әсер етуі мүмкін. Егер модульді жөндеу мүмкін болмаса, хаттамаға сәйкес, "Шэньчжоу-20" экипажы Жерге "Шэньчжоу-21" кемесімен қайтуы ықтимал.

Әдетте "Шэньчжоу" бағдарламасының әрбір миссиясы алты айға созылады. Бұл уақыт ішінде ғарышкерлер "Тяньгун" станциясында ғылыми тәжірибелер жасап, жабдықтарды күтіп-баптайды әрі орбитада жиналған қалдықтарды жоюмен айналысады.

Биыл 1 қарашада "Шэньчжоу-21" экипажы – Чжан Хунцзян, У Фэй және Чжан Лу – сәтті түрде станцияға жетіп, Қытайдың кезекті ғылыми миссиясын бастаған еді.

Associated Press пен Reuters агенттіктерінің мәліметінше, алдыңғы миссия – "Шэньчжоу-20" құрамындағы Чэнь Дон, Чэнь Чжунжуй және Ван Цзе сәуір айында орбитаға аттанған. Алайда жаңа экипаж келген сәтте техникалық ақаулар пайда болған.

Айта кетсек, "Шэньчжоу-21" кемесін "Чанчжэн-2F" зымыран тасығышы ұшырған. Бортта үш ғарышкермен қатар, ғылыми тәжірибелерге арналған төрт тышқан да болған.

Бұл оқиға Қытайдың ғарыш бағдарламасы тарихындағы маңызды сынақтардың бірі саналады. Соңғы жылдары ел өз орбиталық станциясын салып, 2030 жылға қарай Айға ғарышкер жіберуді мақсат етіп отыр. Ал бұл күтпеген кідіріс болашақ миссияларда қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Тэгтер:

Қытай ғарышкер "Шэньчжоу-20 Тяньгун