АҚШ-тың арағайындығымен Израиль мен бірқатар араб елдері арасында жасалған «Авраам келісіміне» Қазақстанның қосылатыны туралы жаңалық халықаралық ортада таңданыс туғызды. Себебі Қазақстан — Таяу Шығыста емес, Еуразияның орталығында орналасқан мемлекет. Оның Ресеймен әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы (шамамен 4750 миль) және шығысында Қытаймен тағы мың шақырымға жуық шекарасы бар. Қазақстанның Израильге қарсы араб елдері сияқты тарихи қақтығысы болған емес. Керісінше, тәуелсіздігін жариялаған соң, 1992 жылы-ақ Израильмен дипломатиялық қатынас орнатқан. Arasha.kz редакциясы Washington Post-қа шыққан материалдың қазақшасын ұсынып отыр.
Сондықтан Вашингтондағы хабарлама — Қазақстан «Авраам келісіміне» қосылады деген — көпшіліктің көкейіне сұрақ тудырды: неге дәл қазір? Бұл ел Израильмен бұрыннан дипломатиялық байланысы бар болса, «бейбітшілік орнату» нені білдіреді? Әлде бұл қадам Таяу Шығысқа емес, АҚШ-пен жаңа деңгейдегі серіктестікке бағытталған белгі ме?
АҚШ-тағы саммит алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қысқаша сұхбат беріп, бұл шешімнің мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл — Қазақстанның «Таяу Шығыстағы бейбіт диалог пен тұрақтылыққа қосқан шағын үлесі». Тоқаев бұл қадамды елдің ұзақмерзімді сыртқы саясатының жалғасы ретінде сипаттап, елдің дипломатиялық дәстүріне сілтеме жасады.
Шынында да, Астана бұған дейін де халықаралық келіссөздер алаңы рөлін атқарып келген: 2017 жылы Ресей, Түркия және Иран Сириядағы азаматтық соғысты реттеу процесін дәл осы қалада бастаған болатын. Кейінірек Астана Ресей мен Украина басшыларының кездесуі өтетін ықтимал алаң ретінде де аталды. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзірбайжан арасындағы татуласу процесінде маңызды рөл ойнады — бұл келісімге Трамп Ақ үйде қол қойылған кезде ерекше мән берген.
Символдық қадам ба, әлде нақты саясат па?
Тоқаевтың айтуынша, «Қазақстанның бұл келісімге қосылуы табиғи әрі қалыпты шешім». Дегенмен ол бұл қадамның нақты практикалық нәтижелерге әкелмеуі де мүмкін екенін мойындады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның «Авраам келісіміне» қосылуы Таяу Шығыстағы бейбітшілікке емес, АҚШ-пен қатынасты нығайтуға бағытталған символдық қадам.
Қазіргі уақытта «Авраам келісімі» өз маңызын жоғалтып барады. Израильдің Газа секторындағы соғысы мен палестиналықтардың адам шығыны бұл процестің идеясын әлсіретті. Тіпті келісімнің белсенді қатысушысы болған Біріккен Араб Әмірліктері де, егер Израиль Батыс жағалаудағы аннексия саясатын жалғастырса, келісімнен шығуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ал Тоқаев бұған алаңдамайтынын білдірді. «Біздің бұл шешімге деген көзқарасымыз берік және өзгермейді. Қандай жағдай болса да, шешіміміз күшінде қалады», — деді ол.
Геосаяси есеп және АҚШ-пен жаңа серіктестік
Вашингтондағы сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан бұл қадам арқылы Трамп әкімшілігіне «жақындық» танытып отыр. Quincy институтының зерттеушісі Елдар Мамедов бұл туралы:
«Қазақстанның Таяу Шығыс дипломатиясында ықпалы шамалы екенін Тоқаев жақсы біледі. Бұл келісім — АҚШ-қа бағытталған төмен шығынды, бірақ жоғары нәтиже беретін сигнал. Негізгі мақсат — Ресейге тәуелділікті азайту», — деп жазды.
АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы «С5+1» форматы Трамптың екінші президенттік мерзімінде қайта жандануда. Бұл жолы Трамп адам құқықтары мәселесін көтермей, оның орнына Қытай үстемдік еткен сирек металдар нарығына балама жеткізу тізбегін қалыптастыруға басымдық беріп отыр.
Тоқаев Вашингтонда АҚШ-пен жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдер пакетін жариялады. Оған Boeing ұшақтарын, John Deere ауыл шаруашылық техникасын сатып алу және АҚШ-тың OpenAI мен Nvidia компанияларымен бірлесіп жасанды интеллект чиптерін өндіру жөніндегі келісімдер кіреді. Сондай-ақ Қазақстанның сирек металдар қоры мен вольфрам өндірісіне америкалық инвестициялар тарту туралы меморандумға қол қойылды.
Ресей мен Қытай арасындағы тепе-теңдік
Тоқаевқа Ресей мен Қытайдың ықпалынан алшақтау туралы сұрақ қойылғанда, ол дипломатиялық жауап берді:
«Біз өзімізді өте жайлы сезінеміз. Ресеймен стратегиялық серіктеспіз, Қытаймен мәңгі достық қарым-қатынастамыз. Екі елмен де сауда қарқынды дамуда, себебі Қазақстан — Еуразияның торабындағы маңызды ел», — деді ол.
Дегенмен сарапшылар Ресеймен қарым-қатынаста жасырын кернеу бар екенін айтады. Ресейдің Украинаға басып кіруі және ресейшіл медиа тарапынан Қазақстанға бағытталған сындар — осының айғағы. Кейбір ресейлік саясаткерлер тіпті Қазақстанның егемендігіне күмән келтірген болатын.
Соған қарамастан, Тоқаевтың Вашингтонға сапары Кремльге нақты белгі берді: Астана өз бетінше әрекет ете алады.
Virginia Tech профессоры Джерард Тоалдың пікірінше, «Ақ үйге барудың өзі — Мәскеуге тәуелсіздікті білдіретін саяси сигнал».