Қазақстан экономикасы 6,4 пайызға өсті

11 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Еліміздің экономикасы биылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 6,4%-ға артты. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тауар өндірісі 8,2%-ға, ал қызмет көрсету саласы 5,3%-ға ұлғайған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өсімге өнеркәсіп, сауда және көлік салалары айтарлықтай үлес қосты. Өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіш 5,8%-ды құрап, бұл өңделген өнім көлемінің артқанын білдіреді. Құрылыс секторында да серпін байқалады — жұмыстардың жалпы көлемі 15,1%-ға көбейген.

Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 5,4%-ға өсті, сауда айналымы 9%-ға, ал көлік саласы 20,7%-ға артқан, деп мәлімдеді 24KZ телеарнасы.

Экономикалық зерттеулер институтының Сауда және инвестициялық саясатты дамыту орталығының директоры Бауыржан Тұрлыбековтың айтуынша, ауыл шаруашылығындағы өсімге Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары айтарлықтай үлес қосқан.

«Бидай жинау науқаны аяқталды. Бұл өңірлерде көрсеткіштер 13–14 пайызға өсті. Сондай-ақ көлік, тасымал және қойма қызметтері де жылдам дамып келеді. Бұл – қазіргі экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Қазақстан аумағымен бірқатар халықаралық көлік дәліздері өтуде», – деді ол.
 

Тэгтер:

статистика экономика өсім