Парамен ұсталған полицей қашпақ болғанда әріптестері оны арқанмен байлап тастады

Бүгін, 17:02 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

10 қарашада Түркістан облысының Созақ ауданында Ішкі қауіпсіздік басқармасы мен ҰҚК қызметкерлері жедел уәкілді пара алу үстінде ұстады. Ол жергілікті тұрғыннан 200 мың теңге алғаны анықталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жедел түсірілім кадрларында бірнеше қызметкер Самат есімді ер адамды қоршап алған сәт бейнеленген.

«Қарсылық көрсетпе, Самат, сабыр сақта», – дейді әріптестері.

«Тиіспеңдер, мен бандит емеспін ғой!» – деп ол қалталарын көрсетіп, күртешесін шешеді де, кенет қашып кетпек болады.

Алайда Самат ұзай алмады – бірнеше метр жүгіріп барған соң оны қуып жетіп, жерге құлатып, арқанмен байлап тастаған. Байланған полицей боқтап, ашуға мінген.

Нәтижесінде ол ішкі істер органдарынан қуылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір алдын ала және қызметтік тергеу жүріп жатыр.

Жеке тінту кезінде одан 190 мың теңге табылған. Бейресми мәліметке қарағанда, бұл ақша – жергілікті тұрғынды тіркелмеген тегіс ұңғылы қару сақтағаны үшін жауапкершілікке тартпау «шешімі» үшін берілген пара болған.
 

Тэгтер:

ҰҚК пара полицей