Түркістан облысында бала өлтіру дерегі бойынша мектеп оқушылары ұсталған, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Мектеп оқушысының өлімі фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиға орнына барған тергеу-жедел тобы қажетті барлық іс-шараларды өткізді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасын төс тұсынан соққан. Соққыдан зардап шеккен оқушы сол жерде қайтыс болған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция күдіктіні және оқиғаға қатысқан барлық тұлғаларды дереу ұстады», – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
«Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі әкімдік комиссиясына тиісті ұсыныс енгізілді. Сонымен қатар, жасөспірімдер полициясының қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда», – деп толықтырды департамент.