Мәжіліс ЛГБТ насихатына тыйым салатын түзетулерді қабылдады

12 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаттары архив ісі жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оған әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, жарнамада және өзге де медиа кеңістікте ЛГБТ насихатына тыйым салатын түзетулер енгізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжатта балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау мақсатында педофилия мен «дәстүрлі емес жыныстық қатынасты насихаттайтын» материалдарды таратуға шектеу қойылатыны жазылған. Заң жобасы енді Сенат қарауына жіберілді.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қазақстандық балалар мен жасөспірімдер интернетте отбасы мен адамгершілікке кері әсер ететін контентке жиі тап болады. Сондықтан бұл бастама — олардың психикалық саулығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шара.

ЛГБТ өкілдері мен құқық қорғаушылар бұл түзетулерге қарсы шықты. Олар мұндай заң халықаралық міндеттемелерге қайшы келетінін, қоғамда кемсітушілікті күшейтіп, пікір еркіндігін шектейтінін айтады. Белсенділердің сөзінше, «ЛГБТ насихаты» деген ұғымның өзі жалған, ал бастама — шынайы әлеуметтік мәселелерден назар аударудың тәсілі.
 

Тэгтер:

заң мәжіліс лгбт насихат