Астанадағы OzgeEpic креатив хабында «Құштар» аутизм тақырыбына арналған алғашқы спектакль қойылды. Өзекті мәселені көтерген спектакльдің мақсаты аутизмнің үкім еместігін ұғындыру, бұл диагнозға шалдыққан балалар мен ересектердің қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіру, баланың өз әлемі болса да, ананың баласы үшін соңғы демі қалғанша күресетінін, мұндай аналарды барынша қолдау керектігін көрсету.
Спектакльдің қоюшы режиссері Шырын Мұстафина, жоба жетекшілері Мақпал Жұмабай мен Тоғжан Құрманжанқызы. Ана ролін сомдаған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина да, бала роліндегі жас актер Марғұлан Наменов те қойылымда өз шеберлігіне тәнті еткізеді. Өнертанушы Молдияр Ергебеков актерлердің шеберлігіне жоғары баға беріп:
- «Құштар» қойылымында мені баланың көзіндегі бостық таң қалдырды. Расында да, оның өз әлемі бар. Гүлмира ханымның да ана образы толықтай ашылған, - дей келе, болашақта бұл спектакльдің жалғасы боларына сенім білдірді.
Қойылым барысында көрерменге статистикалық мәліметтерден бөлек, бұл мәселеге терең үңіліп, инклюзивті қоғам құруға ұмтылу қажеттігі айтылады. Қазақстанда аутизмі бар 15 000 астам бала тіркелген. Соңғы жылдары бұл сырқатқа ұшыраған балалар саны үш есеге дейін артқан. Жалпы, бұл әлемдік үрдіс. Өкінішке қарай, әлем бойынша бұл диагноздың көбеюі байқалады. Ең қиыны, Аутизм спектрі бұзылыстарын толықтай емдеп шығатын дәрігер де, дәрі-дәрмек те жоқ. Елімізде 75 оңалту орталығы жұмыс істесе де, оларға сұраныс күн өткен сайын артып барады. Жекеменшік орталықтарда баласын емдетуге көп ата-ананың қалтасы көтермейді.
«Құштар» спектаклінде ата-ананы алаңдатуы тиіс жәйттерден бастап аутизмге шалдыққан адамдарды қоғамның жатырқамай қабылдауына дейін бірқатар маңызды мәселелер қамтылған. Ең алдымен, баланың тілі кеш шықса, оны шақырсаңыз, назар аудармаса, ойыншықтарды бір тізбекпен қойып, өз-өзімен алаңсыз отырса, бұл дәрігерге жүгінуге себеп боларлық жәйт. Аутизм диагнозы ерте қойылса, оның реабилитациясы да жеңілдеу өтуі мүмкін.
Әлем елдерінде бұл мәселені зерттеп, шешу жолдары жан-жақты қарастырылып келеді. Мәселен, Австралияда аутизмге шалдыққан адамдар шуды көтере алмаған соң, супермаркеттерде тыныштық сағаттары енгізіледі. Англияда аутизмге шалдыққан адамдарды жұмысқа қабылдау жүйесі мен тәжірибесі қалыптасқан. Бірқатар танымал компаниялар аутизмге шалдыққан адамдарды арнайы жұмысқа қабылдайды. Мұның өзі отбасы үшін үлкен көмек әрі жеңілдік боп саналады.
Өкінішке қарай, Қазақстанда балаға 18 жасқа дейін бірқатар мемлекеттік көмек түрлері көрсетіліп, кәмелет жасына толғаннан кейін көптеген адамдар үйлерінде қамалып отыруға мәжбүр болады. Себебі қаншалықты инклюзивті қоғам құрамыз десек те, ерекше адамдарды жұмысқа қабылдамақ түгілі бала күнінде мектепке қабылдау жағы да оңай емес. Өкінішке қарай, инклюзивті кластарда кейбір ата-аналардың мектеп басшылығына «аутизмге шалдыққан баланы басқа мектепке ауыстырыңыздар, кластың мазасын алады» деп шағым түсіргендері де ел есінде. Ең өкініштісі, қазірше елімізде ерекше балаға тыныштық сыйлаудың жалғыз жолы оны оқшаулау боп тұрғаны тағы ешкімге жасырын емес. Ал ерекше баланы қоғамнан оқшаулау қаншалықты дұрыс? Бұл керісінше адамның емес, қоғамның «мүгедектігін» көрсетпей ме?
«Құштар» қойылымда бұл тақырып та қозғалады. Беймаза баласы бар ананы ешкім жұмысқа қабылдай қоймайды, мектепте өзін-өзі қорғай алмайтын бейкүнә балаға буллинг жасалуы да мүмкін.
Көрермендер бұл спектакльден кейін айналамызда осындай жағдайда баласын өсіріп отырған дос, көрші, туыстарға қандай көмек бере аламыз, ерекше балалардың қоғамға интеграциялануына қалай жол ашамыз деген оймен шыққандарын жасыра алмады. Расында да, біреулер үшін аутизм күнделікті жаңалықтарда шығып жатқан бос ақпарат қана, ал біреулер үшін бұл күнделікті өмір салты, бар ғұмыры... Мамандар бұл мәселені шешуді дұрыс статистика жасаудан бастау керек деп есептейді. Мәселен, Батыс елдерінде, Жапонияда аутизмге шалдыққандардың статистикасы сырт көзге көп боп көрінуі мүмкін, шынтуайтында бұл дұрыс санақ жүргізіп, анық диагностиканы жолға қоюдың арқасында. Жапон елінде мұндай балаларды Инклюзивті білім беру заңына сәйкес, тиісті мектептерде бірдей оқытады. Ең қызығы, әлем бойынша аутизмге шалдыққандар саны Оңтүстік Кореяда тым көп екен. Мұның себебі әлі де анықталмаған.
Қазіргі таңда бұл дертті зерттеуге әлем бойынша қыруар қаржы жұмсалып келеді. Аутизмнің биомаркерлерін табу үшін әлем ғалымдары атсалысып жатыр. Бірақ қазірше зерттеулер нәтижесіз. Яғни, ерекше адамның қоғамға бейімделуі, қоғамның оны қабылдауы ғана оңтайлы шешім боп саналады. «Құштар» қойылымы да ата-ананың балаға деген шексіз махаббаты мен ешқашан сөнбейтін үміттің барын көрсетеді. Бұйыртса күндердің бір күні аутизм спектрінің бұзылуын емдейтін дәрі де шығар, қазірше мұндай балалар мен ата-аналар үшін қоғамның қолдауы, қабылдауы аса маңызды.
«Құштар» спектаклі Астанада OzgeEpic креативті хабының ғимаратында көрсетіледі. Қоғамдағы қасаң стереотиптерді бұзған спектакль айына бір рет қойылады.