«Топ-менеджерлерге орасан сыйақы берілді»: Ақтаудағы «Қазақтелеком» қызметкерлері Мусинге үндеу жасады

Бүгін, 09:14 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Ақтаудағы «Қазақтелеком» филиалының қызметкерлері компания басқарма төрағасы Бағдат Мусинге бейнеүндеу жолдады. Олар жалақыларының күнкөріске жетпейтінін айтып, бағаның шарықтауы мен коммуналдық төлемдердің өсуі жағдайды қиындатып жібергенін жеткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қызметкерлердің айтуынша, қарапайым жұмысшылар аз еңбекақыға еңбектеніп жүргенде, басшылыққа миллиондаған сыйақы берілген.

«Жуырда басқарма мүшелерінің әрқайсысы 10 айлық көлемінде сыйақы алғанын білдік. Ал қарапайым жұмысшыларға бар болғаны 20 мың теңге төленді. Бұл —әділетсіздік», — делінген бейнеүндеуде.

Олардың сөзінше, елдегі экономикалық жағдай ауыр, ал жалақыны инфляция деңгейіне сәйкестендіру жұмысы баяу жүріп жатыр.

Orda.kz сайты осы жайт бойынша «Қазақтелеком» қызметкерлердің шағымына жауап бергенін мәлімдеді.

Компания өз жауабында ашықтық пен айқындық қағидаттарын ұстанатынын және қызметкерлермен диалогқа әрдайым дайын екенін мәлімдеген.

«Өңірде омбудсмен мен кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Қызметкерлердің барлық өтініштері мен ұсыныстары мұқият қаралып, алдағы жұмыс барысында ескерілді», — делінген компанияның ресми жауабында.

Сонымен қатар, компания жалақыны индекстеу мәселесі әр жылы бюджет жоспарлау кезінде қаралатынын атап өтті. Дегенмен, Ақтаудағы жұмысшылардың жалақысы өсіріле ме, жоқ па — бұл сұраққа нақты жауап берілген жоқ.

Баспасөз қызметі қарапайым қызметкерлерге 20 мың теңге көлемінде сыйақы беріліп, ал топ-менеджерлердің 10 айлық көлемінде сыйақы алғаны туралы шағымды да түсіндіруге келгенде нақты пікір білдірмеді.
 

Тэгтер:

жалақы ақтау үндеу Қазақтелеком қызметкаерлер Бағдат Мусин