Қазақстан Ішкі істер министрлігі Ресеймен бұрынғы әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволдың ұсталуына қатысты байланыс орнатты. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Тергеу жалғасып жатыр. Қазір халықаралық іздеу жарияланды, сырттай қамауға алу туралы шешім қабылданды. Біз арнайы арналар арқылы Ресей полициясымен байланыстамыз. Егер Биволдың бұрынғы жұбайы ұсталып жатса, бұл туралы ақпаратты Бас прокуратура арқылы аламыз немесе экстрадиция мәселесін шешеміз», — деді Әділов Сенат кулуарында.
Еске салайық, 27 қазанда Қырғызстан соты Екатерина Биволға қатысты ұлтаралық араздық тудыру бабы бойынша қамауға алу туралы ордер шығарған еді. 31 қазанда оны Қазақстан құқық қорғау органдары да іздеу жариялаған.
Қазан айының екінші жартысында Бивол әлеуметтік желіде қырғыз және қазақ халықтарына тіл тигізіп, балағат сөздер айтқан видеолар таратқан. Бұл соңғы айларда оның тарапынан болған алғашқы жағдай емес.