Астана тұрғыны ақша үшін тірі анасын «өлді» деп мәлімдеген

Бүгін, 15:42 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Елордалық компания қызметкері әріптестерін алдап, отбасындағы қайғылы жағдайды қолдан ұйымдастырып, олардан ақша алған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ол әкесінің қайтыс болғанын айтып жұмысынан сұранған. Басшылық оған көңіл айтып, демалыс беріп қана қоймай, ұжымдық түрде көмек үшін ақша жинаған.

Бір аптадан кейін ер адам енді анасынан айырылғанын хабарлап, тағы да материалдық көмек сұраған. Алайда әріптестері күдіктеніп, оның анасымен хабарласқанда, әйелдің аман-есен екенін білген. Осылайша алаяқтық ашылып, жәбірленушілер полицияға жүгінген.

Полицияның мәліметінше, күдіктінің 20-дан астам әріптесі оған әртүрлі мөлшерде ақша аударған.

Қазіргі уақытта «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Айта кетейік, бұған дейін тағы бір астаналық әйел де әріптестерінен ақша алу үшін баласына қатысты жалған қайғылы оқиға ойлап тапқан болатын.
 

Тэгтер:

тергеу ақша алаяқ