Қарағандыдағы тірек пункттегі қыз өлімі: комадан шыққан майор жұмыстан қуылды

14 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ІІМ

Қарағандыда 23 жастағы қыздың өліміне қатысты резонансты істің фигуранты — учаскелік инспектор ауруханадан шығарылды. Бұл туралы «Патриот» басылымы жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Еске салайық, 30 қыркүйекте полицияның тірек пунктінде майор кома жағдайында табылған еді, ал көрші бөлмеден оның танысы — 23 жастағы қыздың мүрдесі анықталған.

Дәрігерлер ер адамның денсаулығы қалпына келді деп отыр. Бірақ ол қызметімен қош айтысты: учаскелік инспектор «теріс себептер» бойынша жұмыстан босатылған.

Құқық қорғау органдары майорды әзірге қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде қарастырып жатыр. Қыздың нақты неден көз жұмғаны және полицейдің комаға қалай түскені жөнінде ресми органдар түсінік бермей отыр. Медициналық ұйымдар — дәрігерлік құпияны, полиция — сараптаманың қорытындысын күтетінін алға тартуда.

Оқиға 29 қыркүйекке қараған түні болған. Майор өзінің танысын қызметтік бөлмеге өзі әкелгені белгілі болды. Қыз өз еркімен келген. Кейін белгілі болғандай, екеуі қарым-қатынаста болған, полицей түнгі кезекшіліктерде оны бұған дейін де жұмысына ертіп келген.

Ер адамды және қаза тапқан қызды келесі күні аға учаскелік инспектор тапқан. Майор дереу ауруханаға жеткізілген.

Даулы жағдайдан кейін үш полицей басшылық қызметтерден шеттетілді, өзгелеріне тәртіптік жаза қолданылды. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл оқиғаны «масқара» деп атады.
 

Тэгтер:

полиция Қарағанды Қыз өлімі пункт