Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға қатысты талаптар күшейтілетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары салауатты өмір салтын қалыптастыру және инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс тамақтану, жастар денсаулық орталықтарын дамыту, темекі мен алкоголь тұтынуды азайту, дене белсенділігін арттыру және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жол карталарын жүзеге асыруда.
Вице-премьер бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданғанын атап өтті. Соның ішінде вейптерді әкелуге және сатуға, сондай-ақ 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынды. Бұдан бөлек, алғаш рет энергетикалық сусындарға акциз енгізілмек.
Қазіргі уақытта 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сату талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.