«Трейлерлерді көру арқылы табыс табуға уәде берді»: Алматыда қаржылық пирамида ұйымдастырған адамға үкім шықты

14 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Алматыда «Warner Bros» қаржылық пирамиданы ұйымдастырған адамға үкім шығарылды. Бұл жобаға қатысты 40 адам шағымданған. Оларға трейлерлерді көру арқылы табыс табуға уәде берілген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарды ақша инвестициялауға сендіру үшін атақты Голливуд компаниясының брендін пайдаланып, бірақ компанияның жобаға еш қатысы болмаған. Инвесторларға фильм трейлерлерін қарап, жаңа қатысушыларды тарту арқылы табыс алуға уәде берген.

«Жоба 9 деңгейден тұрды, орташа инвестиция сомасы – 225 мың теңге, төлем тек USDT криптовалютасында қабылданды. Жоспарды насихаттау үшін әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қолданылды. Әкімшілер чаттар құрып, оқыту жүргізіп, нұсқаулықтар мен видеороликтер таратып, табыс тез өседі және USDT-де сыйақы беріледі деп уәде етті», – делінген агенттік хабарламасында.

Тергеу барысында инвесторлардан ақша жинау және транзит үшін қолданылған криптоқалталар анықталды. Сот санкциясымен 3,8 млн USDT мөлшеріндегі криптоактивтерге қамау салынды.

«Сот үкімі бойынша ұйымдастырушыға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сот 40 зардап шеккеннің азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды, зиян көлемі қамаудағы криптоактивтер есебінен өтелетін болады», – деп хабарлады ҚМА.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
 

Тэгтер:

қаржы пирамидасы ҚМА Warner Bros