Венгрия Ресей газынан бас тарту туралы Еуропалық одақтың шешіміне байланысты ЕО-ны сотқа беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің премьер-министрі Виктор Орбан мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Орбанның айтуынша, Брюссель қабылдаған шешім «айқын заңсыз» және «еуропалық құндылықтарға қайшы».
«Біз бұл шешімді қабылдамаймыз... Еуропалық сотқа жүгінеміз», – деді ол жергілікті радиоға берген сұхбатында. Оның сөздерін Франс Пресс агенттігі келтірді.
Еске сала кетейік, ЕО кеңесі қазан айында Еуропалық комиссия ұсынған жоспарды мақұлдап, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресейден газ импортын кезең-кезеңімен тоқтату туралы шешім қабылдаған. Алайда бұрын жасалған келісімшарттарды орындау үшін өтпелі кезең 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады.
Сонымен қатар ЕО кеңесі 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресейлік мұнай импортын да тоқтатуды көздеп отыр. Бұл шешім әлі Еуропалық парламенттің қарауына жіберіледі.