2022 жылы сегізінші қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт түрлерінің ішінде тоғызқұмалақты да дамыту қажеттілігін атап өтуі ұлттық ойынның дамуына жаңа серпін берді. Бүгінде бұл ойынды Қазақстанның түкпір-түкпірінде әр түрлі жастағы адамдар ойнайды. Ұлттық ойынымыз ‒ тоғызқұмалақты мектептер мен колледждер және жоғарғы оқу орындарында дене шынықтыру пәндерінде үйретеді, сондай-ақ қосымша сабақ ретінде, үйірме ретінде де оқытады. Бұдан бөлек оқушылардың, орта кәсіптік және жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында оқу орыны ішіндегі, республикалық деңгейдегі турнирлер өткізіліп тұрады.
«Біз қазір Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі педагогтармен бірігіп, алдағы уақытта математикалық есептер, оқулық құралдарының ішіндегі мысалдарды тоғызқұмалақ жүрістерінің есебі ретінде келтіру бойынша келісім жасалған. Ол бағытта да жұмыстар жасалып жатыр және сонымен қатар, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жанындағы ғылыми-практикалық орталық пен осы Астана қаласындағы «Бином» мектептер жүйесінде қазіргі таңда ғылыми жұмыстар жасалып жатыр. Яғни методикалық бағытта осы тоғызқұмалақты дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», ‒ деп отыр ҚР Тоғызқұмалақ спорт федерациясының президенті Тұрсын Әкім Хазиреталыұлы.
ҚР Тоғызқұмалақ спорт федерациясының президентінің сөзінше тоғызқұмалақ жастар арасында ғана емес, егде жастағы азаматтардың арасында да кеңінен насихатталып, қолға алынып жатыр екен.
«Қазіргі уақытта оқушылардан да бөлек, тіпті үлкен кісітердің арасында, яғни зейнеткерлердің арасында аймақ-аймақта ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында» да ұлттық ойынымыз ‒ тоғызқұмалақты ойнап жатыр. Өйткені ғылыми тұжырымдар шығып жатқанын көріп жатырмыз. Тоғызқұмалақ қол маторикасын дамыта отырып, паркенсонның алдын алу және басқа да түрлі аурулардың алдын алуда жақсы нәтиже береді деген тұжырымдар шығып жатыр», ‒ дейді Әкім Хазиреталыұлы.
Тоғызқұмалақ ойыны логикалық ойын болғандықтан, ол миға белсенді жаттығу боларлықтай пайдасы бар. Есте сақтау мен зейінді жаттықтыратын, күйзеліс пен мазасыздықты азайтып, ойды шоғырландырып, тұрақтылық беретін ойын.