Көкшетаулық жігіт анасына бауырының жартысын беріп, аман алып қалған

14 қараша, 2025 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Көкшетау тұрғыны Дінболат Құсаинов өз анасы, онколог-дәрігер Мендігүл Латифтің өмірін құтқарып қалды. Ол анасына бауырының бір бөлігін беріп, донор болуға шешім қабылдады.

Мендігүл Латиф – 33 жылдық тәжірибесі бар медицина маманы. Ол гепатиттің B және D түрлерімен науқастарды емдеу кезінде байқамай жұқтырып алғанын айтады. Дәрігерге бауыр трансплантациясы қажет болған сәтте, ұлы еш ойланбастан көмектесуге ниет білдірді. Анасы алғашында қарсы болғанымен, Дінболат шешімінен қайтпады.

Алты ай бұрын жасалған ота сәтті өтті. Қазір анасы да, баласы да толық қалпына келіп, қалыпты өмірге оралған. Мендігүл дәрігерлік қызметіне қайта кіріссе, Дінболат спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде жұмысын жалғастырып жүр.

Тэгтер:

ана мен бала көкшетау донор операция Көкшетаулық бауырының жартысы