Ұлттық би мұрасы толықты: Шара Жиенқұлованың сирек кадрлары табылды

Бүгін, 17:23 / Айгүл Таңатар

Қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың бұрын еш жерде жарияланбаған сирек бейнематериалы анықталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бейнежазба «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ресейдің Красногорск қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар архивінен табылған.

Министрліктің мәліметінше, Шара Жиенқұлованың «Бипыл» халық әніне орындаған ұлттық биінің бейнежазбасы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақталған. Сараптама барысында видеоматериалдың 1958 жылғы 21 желтоқсанда өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінің қорытынды концертінде түсірілгені анықталған.

Аталған онкүндік - қазақ халқының әдебиеті мен өнерін бүкіл Кеңес Одағына танытқан алғашқы ірі мәдени шаралардың бірі. Сондай-ақ 1934 жылы Шара Жиенқұлова М. Әуезовтің «Айман - Шолпан» спектаклінде алғаш рет қазақтың «Келіншек» биін орындап, ұлттық би өнерінің дамуына жол ашқан еді.

Тэгтер:

Шара Жиенқұлова Архив-2025