Алматы облысындағы тұрғын үйде газ баллоны жарылды

Бүгін, 08:20 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Алматы облысының Талғар ауданында, Қарабұлақ ауылындағы үш қабатты көппәтерлі үйде газ-ауа қоспасының жарылысы болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

 ҚР ТЖМ-нің мәліметінше, оқиға орнына жоғары дәрежелі шақырту бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жұмыс істеді.

Құтқарушылар өрт сөндіру штабын құрып, жақын маңдағы өрт гидрантынан су тартуды ұйымдастырды. Өртті сөндіруге газ-түтіннен қорғау қызметінің бес тобы жұмылдырылды.

Барлау кезінде екінші қабаттан екі адам табылып, олар эвакуацияланып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Құтқарушылар келгенге дейін өзге зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген.

Ғимараттан 15 газ баллоны шығарылды. Бұл ықтимал жарылыстың алдын алды. Өрт толық сөндірілді.

Эвакуацияланған тұрғындарды жылыту үшін оқиға орнында ТЖД-ның қызметтік вахталық көлігінен және жергілікті атқарушы органдар бөлген екі автобустан уақытша орналастыру пункті ұйымдастырылды.
 

Тэгтер:

жарылыс талғар Газ баллон