Жоғарғы соттың хабарлауынша, Ақтау әуежайы екі жастағы қыздың эскалаторда жарақаттануына байланысты моральдық зиян үшін 2 млн теңге төлеуге міндеттелді. Шешім заңды күшіне енді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 2024 жылдың жазында болған. Астанадан ұшып келген әйелдің екі жасар қызы терминалдан шыққаннан кейін қайта ішке кіріп, эскалатордың қозғалып тұрған тетігіне қолын тығып алған. Баланың саусағы ашық жарақат алып, сүйектері сынған. Дәрігерлер 10 жасқа толғанда түзету операциясы қажет болатынын айтты.
Сотта көрсетілген бейнежазбада инспектордың баланы қолынан ұстап кіргізіп, кейін анасымен сөйлесу үшін қолын жіберіп алғаны анықталды. Нәтижесінде қыз қараусыз қалып, жарақат алған.
Сот инспектордың құжаттары мен қызметтік міндеттеріне сүйене отырып, әуежайдың жауапкершілігін растады.