Ақмола облысында екі бірдей әрекетке қабілетсіз тұлғаға бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған тұлға қамқоршы болған, деп хабарлайды Arasha.kz Ақмола облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
«Ақмола облысы прокуратурасының талдау нәтижесі бойынша уәкілетті органдардың тарапынан адам өлтіру және өзге де қылмыстар үшін сотталған тұлғаларды қамқоршы ретінде тағайындау деректері анықталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қамқоршылар мен қорғаншылар болып психикалық аурулары бар немесе сотталған адамдар тағайындалмауға тиіс. Мәселен, екі бірдей әрекетке қабілетсіз тұлғаға бұрын кісі өлтіргені үшін сотталған тұлға қамқоршы болған», - делінген хабарламада.
Бұдан басқа, әрекетке қабілетсіз азаматқа қамқоршы ретінде «шизофрения» диагнозы қойылған азамат тағайындалған.
Сондай-ақ, уәкілетті органдармен әрекетке қабілетсіз азаматтарды есептен шығару жөнінде шаралар қабылданбаған.
Нәтижесінде, облыстың 28 қайтыс болған тұлғасы әлі де «әрекетке қабілетсіз» санатындағы есепте тұрған тұлғалар қатарында көрсетілген.
Прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде бұрын сотталған қамқоршылар және психикалық ауытқуы бар тұлғалар өз міндеттерінен шектетілді, деректер заңнамаға сәйкестендірілді, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокуратурасы осал топтағы азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.