Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің атауы «Балқаш» болады

Бүгін, 15:59 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру байқауы бір ай бұрын аяқталған болатын. Байқауға 27 мың қазақстандық өз ұсыныстарын жіберді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өтінімдер eGov Mobile арқылы қабылданды. Ұсынылған атаулар бірнеше критерий бойынша бағаланды:

▪️ тарихи және мәдени маңызы;
▪️ атом энергетикасының имиджіне сәйкестігі;
▪️ дыбысталуының жағымды болуы және есте сақталуының жеңілдігі;
▪️ ерекшелігі мен бірегейлігі.

Құрамында қорлайтын немесе кемсітетін сөздер, бейәдеп лексика немесе коммерциялық брендтердің атауы бар нұсқалар қаралмады.

Комиссия ең үздік атауды таңдады — АЭС «Балқаш» деп аталатын болды.

Комиссия отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атауын 882 азамат ұсынған. Ол рейтингте бірінші орын алып, жеңімпаз атанды.

Қазақ тілінде — «Балқаш», орыс тілінде — «Балхаш», ағылшын тілінде — Balkhash деп жазылады.

Еске салайық, алғашқы атом электр станциясы Алматы облысы, Үлкен кентінің маңында салынады. Сол өңірде екінші станцияны да салу жоспарланып отыр.
 

Тэгтер:

байқау АЭС Балқаш