Алматы қаласы мегаполистің сумен жабдықтау және кәріз жүйесін жаңғырту мақсатында халықаралық ынтымақтастығын нығайтып келеді. Алматы қаласы Энергетика және су шаруашылығы басқармасына қарасты «Алматы Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны Корея Республикасының Ұлттық су өнеркәсібі кластерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Кореяның жетекші компанияларымен серіктестік Алматыдағы су шаруашылығын цифрландыруды жеделдетуге, халықаралық тәжірибені меңгеруге және су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Корея Республикасы «Алматы Су» кәсіпорнының «Цифрлық егіз» жобасын жүзеге асыруға атсалысады. Бұл датчиктер, жасанды интеллект және симуляция негізінде нысандарды нақты уақыт режимінде бақылауға, талдауға және басқаруға мүмкіндік беретін виртуалды модель.
Пилоттық жоба ретінде бас тазарту нысандарына заманауи су өлшегіш құралдар орнатылды. Алдағы уақытта «ақылды» есептегіштерді қолдану бойынша ынтымақтастық аясын кеңейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, энергия тиімділігі мен экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған су тазарту және сумен қамту жүйелерін жаңғырту жөніндегі жобалар қарастырылған.
Бұл серіктестік жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және ресурстарды тиімді басқаруға жол ашады.
Корея Республикасының Ұлттық су өнеркәсібі кластері сумен жабдықтау, су тазарту және су ресурстарын басқару саласындағы мемлекеттік құрылымдар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жеке компанияларды біріктіретін ұйым.
«Алматы Су» — Қазақстандағы сумен жабдықтау және су бұру саласындағы ең ірі кәсіпорын. Ол Алматы қаласын ғана емес, оған іргелес елді мекендерді де сумен қамтамасыз етеді.