Бір организм болып жұмыс істесек – еншісі бөлінбеген ағайынды ел деп айта аламыз

Бүгін, 08:54 / Марғұлан Ақан

Биыл қарашаның басында Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 саммиті өтті. Бұл саммитте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құны 17 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойды. Көпвекторлы саясатты ұстанатын Қазақстан үшін көрші Ресеймен де, Қытай елімен де және мұхиттың ар жағында жатқан алып держава АҚШ-пен де достық, дипломатиялық қарым-қатынаста болу аса маңызды. Әрі стратегиялық, экономикалық және саяси тұрғыдан ұтымды жолды табу, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай геосаяси жағдай шиеленісіп тұрған шақта дұрыс шешім қабылдау да үлкен мәселе. Arasha.kz редакциясы өткен саммитке қатысты экономист, экономика ғылымдарының PhD кандидаты Қажыкелді Шамбылмен кездесуді экономикалық жағын талдап көріп еді, назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

C5+1 саммиті. Вашингтон. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ президенті Дональд Трамп. Кездесу. Фото: Ақ үй

- Бұл саммит бұрынғыдан өзгерек деген сарапшылар пікірі көп айтылып, жазылып жатыр. Әсіресе, бұған дейін өткен Джо Байденмен болған саммитке қарағанда Трамп әкімшілігі құндылықтар тақырыбын емес, көбінесе экономикалық бағыттағы, қаржы мәселесіндегі нақты проблемаларға тоқталды дейді. Экономист ретінде сіз қалай ойлайсыз, бұл саммиттің бұрынғы кездесулерден ерекшеленгені рас па?

- Жалпылама қарасақ, АҚШ – ең дамыған мемлекет. Әлемдегі ең ірі экономика әрі жер көлемі де өте үлкен. Мысалы, Отанымыз Қазақстаннан үш жарым есеге үлкен. Халқы 300 миллионнан асып жығылады. Американың басшылығына қандай президент келсе де, үлкен саяси-экономикалық тәжірибеден өткен маман келетіні сөзсіз. Сондықтан олардың билігіне келген басшылықты «жақсы» не «жаман» деп айтуға менің хақым жоқ, басшысын сынаса – сол ел азаматтарының құқығы, шетелдегі адамның емес. Дегенмен, Ж. Байден мен Д. Трамп кезіндегі кездесулерде көтерілген мәселелерді қарастыратын болсақ, Байден президент болып тұрғандағы конъюнктура мен Трамп президент болған кездегі мәселелер мүлде басқа. Мәселен, Байден кезінде АҚШ экономикасының даму қарқыны Қытаймен шамалас болса, қазіргі күні Қытай көшбасшы еншісін қайта алды. Бұл жағдайды Д. Трамптың келуіне қатысты дүние деп санамаймын, жаһанда болып жатқан өзгерістердің салдары деп білемін. Сондықтан да Д. Трамптың ең алдымен көтеретін мәселелері гуманитарлық, саяси я болмаса әлеуметтік емес – экономикалық проблемалар. Себебі кез келген мәселеде экономикалық сауал бірінші орынға шығады. Біз айтып жүрген саяси мәселенің өзі саясаткерлер үшін бірінші орында тұрған сұрақ емес. Бәрі айналып келіп экономика мен ақшаға тіреледі.

НЕГЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ БІРІНШІ ОРЫНҒА ШЫҚТЫ?

Кейбір азаматтар бүкіл мемлекеттердің экономикасы дамыса, барлығы өз еншісіне иемденіп күн көрсе барлығына жақсы болмай ма? Ендеше, неге сол мемлекеттер өзара келісіп проблемаларды біржақты қылмайды деген көкейкесті сауалдардың қоятыны рас және жөні де бар. Мұндай идеалды жағдайды болдырмауға негіз болып тұрған құбылыс – экономиканың «тұйық» жүйе болып реттелуінде екен. Тұйық экономика нені білдіреді? Тұйық экономика – белгілі бір мерзім ішінде табыс пен игіліктің жаһандық негізде көбеймейтінін, тек бір объектіден екінші объектіге табыстың өтуін меңзейді. Жалпы экономика ғылымының анықтамасы да осы, экономика – шексіз қажеттілікті шектеулі ресурстармен қанағаттануды зерттейтін ғылым саласы. Атақты итальян ғалымы, экономисі Вильфредо Паретоның заңы бойынша, бір объекті жағдайының жақсаруы міндетті түрде екінші бір объекті жағдайының төмендеуімен сипатталады. Жаһандық экономика тұйық экономикалық жүйе болғандықтан Қытайдың дамуы міндетті түрде АҚШ-тың әлсіреуі деп қарастырылады. Және керісінше жағдай орын алса АҚШ экономикасының өсуі Қытай шаруашылығының төмендеуіне әкеледі. Сондықтан АҚШ тарапынан Қытайға жасалып жатқан максималды қарсы іс-әрекеттің бәрі біз үшін әділетсіз болып көрінгенімен, АҚШ-тың позициясы тұрғысынан әділ болып есептеледі. Себебі бұл олардың экономикалық мүддесі. Тұйық экономика жүйе жағдайында бір мемлекеттің экономикада алар үлесінің өсімі міндетті түрде басқа мемлекеттің немесе елдердің үлесінің төмендеуіне, салыстырмалы түрде кедейленуіне негіз болады. Өкінішке қарай, адам баласы идеалды экономикалық қоғам концепциясы мен механизмдерін ойлап шығара алмады.

C5+1 саммиті. Вашингтон. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ президенті Дональд Трамп. Кездесу. Фото: Ақ үй

- Жақсы, ендеше бұл мүдде, бұл тартыстағы Орталық Азия мен Қазақстанның ықпалы қандай?

- Бұл тұрғыдан алғанда Орталық Азия елдерінің АҚШ пен Қытай секілді екі алып держава алып отырған мүддеге әсер етуі екіталай, мүмкін де емес. Дегенмен, бір мәселе бар: әрине, Орталық Азия болып біріксе, игілігін бес елдің көретіні анық. Бірақ бәрібір де, қанша жерден сіз бұл аймақтағы елдерді бауырлас ел дегеніңізбен бәсекелестіктің аты бәсекелестік. Ол міндетті түрде болады. Адами, саяси тұрғыдан екі мемлекеттің қарым-қатынасы өте жоғары болуы мүмкін. Бірақ инвестиция алып келу секілді сауалдарда міндетті түрде бәсекелестік болатыны, сөзсіз. Өйткені Орталық Азияға келетін инвестиция тағы да тұйық жүйеде. Мәселен, инвесторлар келген кезде: Қазақстанға да, Өзбекстанға да 100 миллиард доллар берейік деп келмейді. Екі елді салыстырады. Белгілі философ Фридрих Ницше дүниеде болып жатқан кейбір оқиғаларды тек қана жақсы не жаман деп пайымдауға болмайды деп атаған, себебі бұл бақылап отырған тарап жақтан субъективті рең алады деп есептеген. Мысалы, өз төлін қорғап тұрған қоян мен оларға келген түлкіні көргенде, қоян – жақсы, түлкі – жаман деп пайымдауымыз мүмкін. Бірақ жағдайды кеңірек қарасақ, түлкі де өзінің төлін ойлап, қорек іздеп жүргенін ұмытпау қажет. Мұндай жағдайда түлкіні жаман деп айта алмайсыз. Қазақстанның да, Өзбекстанның да, басқа да елдердің өз еншісі бар, ол бөлек мәселе, ол мемлекеттердің ұлттық мүдделері бар екенін де ұмытпау керек. Орталық Азия болсын, түркі халықтары болсын бірлесіп іс-шара істегендерін құптаймын әрі қолдаймын. Бұл – ағайынды және көршілес елдердің үлгі болар ісі. Бірақ, кез келген дүниені идеал жасаудың қажеті жоқ. Біздің жағдайымыз бен проблемаларымыз өзімізге тиесілі, және оны сырттан біреу келіп реттеп бермейді. Басты месседж – интеграция қажет, бейбітшіл және достық қарым-қатынас қажет. Иллюзияға берілмей, алдымыздағы проблемаларды реттеу – ол да қажет. Қазақстанмен бауырлас мемлекеттердің мұндай жағдайда бір біріне бәсекелес болмай, керісінше бір организм ретінде жұмыс істеуі үшін бір шарт қажет. Мемлекеттер бірігіп, өзге жаһандық аймақтарға қарағанда жоғары даму қарқынын көрсетуі қажет. Осындай сценарий орын алған кезде, еншісі бөлінбеген ағайынды Орталық Азия елдері деген статусты мақтанышпен айта аламыз және де бауырлас елдерге ұсынар пайымым осы.

- Түсінікті. Осы тақырыпқа аясында бірнеше сарапшылардың пікірі, сұхбаты жарияланды. Онда бұл саммит, бұл кездесу Қазақстан үшін аса маңызды болып деп есептейді. Соның ішінде АҚШ-тың біздің елге деген қызығушылығы жоғары деп бағалап жатыр. Экономист ретінде айтыңызшы, шынында біз қай жерден ұттық? Бұл кездесу экономикалық жақтан расында аса маңызды қадам болды ма?

- Бұл жерде мынадай мәселеге тоқталайық, қызығушылық дегеніңізге келейін. Қазақстан Менделеев кестесіндегі қазба байлыққа бай ел деп атаймыз. Бірақ, тұтас мұнай-мысымыз бар, жалақы мен шәкіртақы, зейнетақыларымыз бар Қазақстанның жалпы табысы һәм экономикасы орташа есеппен АҚШ пен Қытайдың бір әкімшілік бірлігінің жартысына да жетпейді. Сондықтан бұл ретте АҚШ үшін Қазақстан нарық ретінде аса маңызды рөл атқарады деуге келмейді. Біз кішкентай ғана нарықпыз, оны мойындау қажет. Пайдалы қазба тұрғысынан да Қазақстан АҚШ-қа Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка мен Латын Америкасы, Австралия мемлекеттері секілді әсер ете қоймайды. Себебі Қазақстаннан бірнеше есе көп қазба байлы қоры аталған аймақтарда баршылық.

Мәселен, Транскаспий бағыты бойынша АҚШ Қазақстан мен Әзербайжан секілді елдерге қызығушылық танытып отыр. Егер аталған жоба орындалған жағдайда АҚШ компаниялары үшін экспорт пен импорт алмасудың жаңа жолы немесе траекториясы ашылайын деп тұр. Орталық Азия мен Әзірбайжан мемлекеттерінің мүдделері бір арнада тоғысқан жері – транзит саласында болмақ. Бірақ ескеретін дүние, АҚШ үшін қазіргі күннің өзінде баламалы транзит жолдары бір басына артып жығылады. Сондықтан да бұл жобаның басты бенефициарлары Орталық Азия елдері болғандықтан АҚШ тарапынан белсенді іс-әрекеттер байқалмайды. Орындалса АҚШ үшін бонус, орындалмаса одан бір күйзеліске ұшыра қоймайды. Бұл ретте бауырлас елдердің дипломатиясының бірлесе қызмет қылуы ерекше роль ойнайды.

БІЗ КЕЙБІР ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРҒА АЛДЫН АЛА БАҒА БЕРЕМІЗ, МЕНІҢШЕ, БҰЛ ДҰРЫС ЕМЕС

Тарихи оқиғаға баға өтіп кеткеннен кейін беріледі. Мәселен, біз айтып отырмыз инвестиция келеді деп, бірақ ол әлі қағаз жүзінде тұр. Оның болатын-болмайтыны әлі нақты емес. Егер сол құжатта айтылған дүниелер шынымен орындалатын болса, онда пайдасы орасан зор. Оны да, рас, мойындау қажет.

C5+1 саммиті. Вашингтон. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ президенті Дональд Трамп. Кездесу. Фото: Ақ үй

Осы тұста Қазақстанның сыртқы саясатын мақтайтын бір нәрсе бар, бұл – көпвекторлы саясат. Яғни бір ғана мемлекетке бағытталған вектор жоқ. АҚШ-пен де, Қытай, Ресей, ЕО-мен де бірдей қарым-қатынас жасаймыз. Тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір елмен конфликтке келмедік. Бүкіл мемлекетпен тереземіз тең. Сондықтан көпвекторлы саясатты сынамау керек, ол бізге керек. Бұл үлкен прогресс, үлкен жетістік. Оны да мойындау керек. Жалпы алғанда, кездесудегі инвестициялық келісімдердің тарихи маңызына қазіргі кезде баға беру дұрыс емес. Халық іс-шараның игілігін көрмей оған баға беру тым ерте. Себебі тарихи маңызы бар деп аталатын категория – уақыт еншісіндегі өлшем. Жалпылама, инвестициялардың келгені дұрыс, соның ішінде жоғары технологияларға бағытталған инвестициялар пайдалы дүние деп білемін.

- Сыртқы саясаттағы байланыстың нәтижесі елдегі, әсіресе, аймақтағы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ел экономикасына сырттан ақша құйлатын инвестициялық тартымдылықпен өлшенеді. Бұл жағынан келгенде ше?

- Сіз айтып отырған бұл жақсы бастамалар сол инвестициялық жобалар нақты іске асқан кезде орындалады.

Мен көп жерде мына бір ойды айтып жүрмін. Бізде келесідей бір миф, аңыз қалыптасқан. Шетел инвесторын шақыру үшін салықтық жеңілдіктер беру қажет деген. Алайда Қазақстанның қазіргі 20 пайыздық салық көлемі шетел инвесторлары үшін жоғары емес. Себебі шетелде салық мөлшерлемесі 40%-ке дейін, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін. Отандық инвесторлар үшін еліміздегі салық мөлшері, әсіресе орта және шағын бизнес өкілдері үшін әжептәуір салмақ түсіруі мүмкін, сондықтан да аталған категорияларға жеңілдік берілгені дұрыс. Бірақ, шетелдік инвесторларға қосымша салықтық жеңілдік жасаудың қажеті жоқ. Салдарынан мемлекеттік бюджет ұтылады. Бюджет болмаса білім беру де, медицина да дамымайды. Әлеуметтік жағдай нашарлайды. Ал әлеуметтік жағдай нашарласа, келесіде инвесторлар келмейді. Көрдіңіз бе, бұл осындай айналмалы тізбек. Инвестициялық тиімділік деген бірнеше бағытта жүреді: біріншіден, бұл инвесторға келетін тиімділік. Екіншіден, бюджетке келетін тиімділік, үшіншіден, сол мемлекеттің бизнесіне келетін тиімділік, төртіншіден халыққа келетін тиімділік. Біз осы төртеуінің ішінде инвесторға беретін тиімділікке баса мән беріп кетіп, қалған үшеуінен ақсап қалып жатырмыз. Ал бұл дұрыс емес. Мұны реттеу керек.

Экономист Қажыкелді Шамбыл. Фото: Ашық дереккөзден алынған скрин.

Қорыта келгенде, мемлекеттілігіміз мығым, тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі, еліміз – аман, жұртымыз – тыныш болсын десек, Швейцария тәжірибесін зерттеу қажет. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Германия бұл елге соғыс ашқан жоқ. 1-дүниежүзілік соғыс кезінде Франция, Германия болсын бұл елге зақым келтірген жоқ. Себебі экономикасы дамыған Швейцариямен дұшпан болғаннан гөрі дос болудан алар пайдасы мол екенін білді. Сондықтан Қазақстан өз экономикалық мүддесін ойлап, өзге елдермен бірлесіп жұмыс жасайтын болса, оған ешкім тиіспейді. Қазақстан дәл осы бағытта дамып, экономикасын көтеріп, өзімен-өзі дами берсе және әр елмен инвестициялық бағытта жұмыс жүргізе берсе, әлемдегі бірде-бір ел бізге саяси немесе экономикалық тұрғыдан болсын зиянын тигізе алмайды. Себебі салғыласу бізге емес, олар үшін тиімсіз болады. Қазіргі жүргізіліп жатқан көпвекторлы саясат пен тарихи негізде қалыптасқан бауырлас, көршілес елдермен жинақталған жақсы қарым-қатынаспен бірге тиімді экономикалық-әлеуметтік саясатты жүргізсек, сөзсіз, Қазақстанның бағындырар белесі биік, алар асулары алып болмақ!

Шынайы әрі осындай ашық баға бергеніңізге рақмет!

Cұхбаттасқан Марғұлан АҚАН