Ресей экс-премьер Касьяновты террористер тізіміне енгізді

Бүгін, 09:57 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Росфинмониторинг Ресей Федерациясының бұрынғы премьер-министрі Михаил Касьяновты және экономист Сергей Гуриевті (екеуі де РФ-де «шетелдік агент» деп танылған) террористер мен экстремистер тізіміне қосты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл ақпарат ведомствоның сайтында жарияланды.

Заңға сәйкес, бұл тізімге енген адамдардың банктердегі қаражаты бұғатталып, олардың қызмет көрсетуі тоқтатылады.

Касьянов пен Гуриев қазір Ресей Федерациясынан тыс жерде тұрады. Өткен қазан айында олар билікті басып алу және террористік қауымдастық құру ісі бойынша күдікті деп танылған. Бұл істі РФ ФҚҚ (ФСБ) тергеп жатыр.

Іс олардың Ресейде «жағымсыз ұйым» деп танылған «Ресей антиәскери комитеті» жұмысына қатысуымен байланысты. ФСБ нұсқасына сәйкес, комитеттің мақсаты — «билікті күшпен басып алу және Ресей Федерациясының конституциялық құрылымын өзгерту», делінген мәліметте.

Айта кетсек, 2004 жылы премьер-министр қызметінен кеткен соң Касьянов Кремльдің қазіргі бағытына қарсы белсенді оппозициялық рөлге ауысты. Ол «The Other Russia» (Басқа Ресей) коалициясының құрамында болды, бұл топ Путинге қарсы және авторитарлық режимге қарсылық білдіруде.  Касьянов ресей-украина жанжалына қатысты да нақты пікір айтады: ол Қырымды Украинаға қайтаруды қолдайды, әрі Ресейдің сыртқы саяси әрекеттерін сынға алады.

Тэгтер:

ресей Михаил Касьянов экстремистер тізімі