Отбасы банкінің 2025 жылғы тоғыз айдағы қаржылық көрсеткіштері жарияланып, банк активтері өссе де, таза пайда азайғаны белгілі болды. Аудиттелмеген аралық есепке сәйкес, биылғы қаңтар–қыркүйек аралығында банк активтері 14% өсіп, 4,878 трлн теңгеге жеткен. Ал таза пайда 9,4% төмендеп, 86,051 млрд теңге болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осы кезеңде банк активтерінің негізгі бөлігін құрайтын клиенттерге берілген несиелер мен аванстардың көлемі 9,5% өсіп, 3,701 трлн теңгеге дейін ұлғайған.
Банк міндеттемелері де артқан: 2025 жылдың тоғыз айында олар 15,4% өсіп, 4,121 трлн теңгеге жеткен. Клиенттер қаражаты 11,6% көбейіп, 2,978 трлн теңгеге дейін өсті.
Мемлекеттік субсидиялар көлемі 2025 жылдың тоғыз айында 257,689 млрд теңгені құрады. Салыстырсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 264,044 млрд теңге болған. Субсидиялардың басым бөлігі – 62% – "2-10-20 концепциясы" («Бақытты отбасы») бағдарламасы бойынша үкіметтен қарыз тарту арқылы алынған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қаржыландыру келесі бағыттар бойынша жүргізілген:
«5-10-20 концепциясы» («Шаңырақ») бағдарламасы бойынша бас компаниядан бағалы қағаздар шығару арқылы — 36,3%;
«2-10-20 концепциясы» аясында жергілікті атқарушы органдардан қарыз алу арқылы — 1,7%.
Банктің меншікті капиталы 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 6,6% өсіп, 756,82 млрд теңгеге жеткен.
Ұлттық банктің мәліметінше, активтер көлемі бойынша Отбасы банк еліміздегі банктер арасында төртінші орында. Қаржы ұйымының жалғыз акционері — «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі.