Алғабастағы сұмдық өрттен зардап шеккен үш адам жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатыр деп дәрігерлер мәлімдесе, ауыл тұрғындары бұл адамдардың қазірдің өзінде қайтыс болғанын айтып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
«Зиратта 15 қабір дайындап жатыр», — дейді ауыл тұрғындары.
Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растамады.
«Медициналық қызметтер зардап шеккендерге дереу көмек көрсете бастады. Екі ересек пен бір бала медициналық мекемеге жеткізілді. Барлығы жансақтау бөлімінде, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапияның толық кешені көрсетіліп жатыр, олардың жағдайы профильді мамандардың тұрақты бақылауында. Жедел медицина қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Облыстық мекемелерден қосымша мамандар жіберілді, қажетті дәрі-дәрмек пен психологиялық көмек қамтамасыз етілді», — деп хабарлады басқарма.
«Жаназа өтіп жатқан үйден мәйіттер тиелген жүк көлігі шығып кетті. Қаза тапқандардың жерлеу рәсімі бүгінге белгіленген. Марқұмдардың туыстары олардың суреттерін де жариялады», - деп жазды Orda.kz.
Еске салайық, қайғылы жағдай 18 қараша күні таңертең болған. Алғабаста екі қабатты үй өртеніп кетті. Өрт сөндірушілер келген кезде шатыр опырылып түскен еді. Ішінен 12 адамның денесі табылды, олардың басым бөлігі — балалар.