"Сүндет той жасаған": 12 адамның өмірін жалмаған сұмдық жағдай туралы тың ақпарат белгілі болды

18 қараша, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Түркістан облысының Алғабас ауылында бір әулеттің мүшелері қаза тапқан алапат өртке қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қайғылы оқиға салдарынан 34 жастағы үй иесі, оның 31 жастағы жұбайы және бес баласы көз жұмған. Сондай-ақ үй иесінің 61 жастағы анасы мен ағасы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Ал ағасының жұбайы мен төрт баласы тілсіз жаудан ажал құшты, олардың бір баласы жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қаза тапқан азаматтардың жақындарына барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Өрттен аман қалған үш адамның жағдайы өте ауыр. Бір науқастың денесінің 12 пайызы, ал басқа екеуінің 30 және 11 пайызы күйген. Барлығы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Шымкенттен санитарлық авиация мамандары көмекке аттанған.

Белгілі болғандай, қайғылы оқиғадан 15 сағат бұрын отбасы мейрамханада сүндет той жасап, кейін үйде мерекені жалғастырған. Бір күннің ішінде орны толмас қайғыға тап болған үлкен әулет бұл үйге үш жыл бұрын көшіп келген.

Көршісі Қайырберген Болжымбетов әулетте үш ағайынды бар екенін айтады:

"Үшеуі – осы көшеде, көрші ауылда және басқа жерде тұрады. Тойды жасаған отбасы үйіне кеткен, ал екінші ағайындының отбасы осы үйде түнеген", – дейді ол.

Түнде көршілер көмек сұраған айқай естіген. Терезе алдынан балалар мен ересектердің көмекке ұмтылғанын көргенімен, бәрін аман алып шығу мүмкін болмаған.

"Газ жарылған жоқ, дауысы естілмеді. Маған электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған деп айтты", – дейді көрші.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасовтың айтуынша, зардап шеккендердің бірі есін жиған.

"Дәрігерлер оларды жіті бақылап отыр. Қажет болса, үшеуін де аудандық ауруханадан Астанаға санитарлық авиациямен жеткізуге дайынбыз", – деді ол.

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның қорытындылары қосымша хабарланатын болады.

Тэгтер:

өрт Жетісай