АҚШ пен Ресей Украина бойынша құпия бейбіт жоспар дайындап жатыр

20 қараша, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: AP Photo

АҚШ пен Ресей билігі Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде ауқымды құпия жоспар әзірлеуде. Бұл туралы Axios жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Келіссөздер қатаң құпия түрде жүргізіліп жатыр, ал құжат Трамп әкімшілігінің Газадағы қақтығысты реттеу тәжірибесінен «шабыт алған».

28 тармақтан тұратын жоспар төрт бағытты қамтиды: Украинадағы соғысты тоқтату, қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропадағы тұрақтылықты нығайту және АҚШ-тың Ресеймен әрі Киевпен болашақ қатынастарын қалыптастыру.

Құжатты дайындауға АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф қатысып отыр. Қазан айында ол Кремль өкілі Кирилл Дмитриевпен Майамиде үш күндік келіссөздер өткізген.

Кейінірек БАҚ-та жоспардың егжей-тегжейі пайда болды. Financial Times аноним дереккөздерге сүйене отырып, ұсынысқа мыналар кіретінін жазды:

— Донбастың қалған бөлігін тапсыру және украин армиясын екі есе қысқарту;
— орыс тіліне ресми мәртебе беру;
— Мәскеу патриархатының православ шіркеуін мойындау;
— америкалық әскери көмекті тоқтату;
— шетелдік әскерлерді орналастыруға тыйым салу.

Басылым: «Құжатпен танысқан Киевтің ресми тұлғалары оның көптеген тармақтары Мәскеудің максималистік талаптарына сәйкес келеді және елеулі түзетусіз қабылдауға келмейді» деп атап өтті.

19 қарашада Украина басшысы Түркияға «келіссөздерді жандандыру» үшін келген. Анкарадағы кездесуден кейін Ердоған тараптарды қайта келіссөз үстеліне оралуға шақырды.
 

Тэгтер:

ресей АҚШ украина келіссөз