Ғылымға жастардың қызығушылығын арттыру үшін не істеу қажет?

27 қазан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Мемлекетінің болашағын ойлайтын ел қазіргі уақытта ғылымына көңіл бөліп, өркениеттің көшіне ілесіп, ғылым-білім арқылы дамудың даңғыл жолын таңдап жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде: «Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды», ‒ деген болатын. 

Жыл сайын 250-ден астам қазақстандық жас ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Еліміздің ғылым саласында жастардың үлесі 46% -ға жеткенін де айта кету керек. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнестің ғылымға инвестицияларын ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Бұл Қазақстанда ғылымның едіуір ілгерілеуіне көмектеседі деген үміт бар.

Ал ғылымға жастардың қызығушылығын қалай арттыруға болады? Біз мұны PhD-докторы Нұржан Көшкеновтен сұрадық. 

«Ғылымға қызығушылықты арттыруды мектеп табалдырығында бастау керек. Балаларды ғылымға баулу қажет. Сондай-ақ қазіргі кезде жастар жақсы өмір сүретін адамдарға қарап, солардың өміріне қызығады. Жұлдыздардың өміріне қызығады. Мысалы Оңтүстік Кореяда ғалымдар әдемі, қымбат көліктермен жүреді. Дамыған елдерде ғалымдар элиталы адамдар болып есептеледі. Ал бізде ғалымдардың жалақысы жыртығын жамауға жетпейді. Сондықтан жастар ғалымдарға қызығушылықпен қарамайды. Ал қызығушылықпен қарайтындары сирек. Олар шын ниетімен ғылымға келіп отырғандар. Одан кейін олар да ғалымдардың еңбегін бағалайтын, құрметтейтін елге кетіп қалсақ деп армандайды», ‒ деді ол.

Жас зерттеушілердің шетелге кетуін қалай азайтуға болады? 

«Ғалымның екі жерден қолдауы, екі жерден артықшылығы болады. Оның бірі ‒ қоғамдағы дәрежесі. Оның профессор деген, ғалым деген аты бар, қоғамға құрметті адам болады. Екіншіден ‒ материалдық жағдайы жақсы болуы керек. Ғалымға қолдауды арттыру үшін оны медиада таныстырып, ұлттық құндылыққа айналдыру қажет. Ғалымның ашқан жаңалығын көпшілікке таныстырып, оны көкке көтерген жөн. Сонда жастардың ғылымға қызығушылығы пайда болады», ‒ дейді ғалым. 

Тэгтер:

ғылым инвестиция Жас ғалым