24 қарашадан бастап тұтынушылық несие алу қиындайды

21 қараша, 2025 / Айгүл Таңатар
Pixabay

Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық несие алуға қойылатын талаптар күшейеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жаңа қаулысы 24 қарашада күшіне енеді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, банктік қарызды 30 күннен, ал микронесиені 1 күннен артық мерзімге кешіктірген азаматтарға жаңа несие алу айтарлықтай қиындайды.

Қаржы сарапшысы Меруерт Қуанышбекқызы бұл өзгерістің қоғам мен бизнеске әсерін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұрын тұтынушылық несие мен ресми несие екі бөлек есептелетін. Банктердің скоринг жүйесінде тұтынушылық несие көрінбей, адамның шынайы қарыз жүктемесі төмен көрсетілетін.

«Мысалы, жалақысы 500 мың теңге адамда ресми несие 150 мың деп көрсетілетін, ал қосымша 250 мың теңге тұтынушылық несие ескерілмейтін. Нәтижесінде азамат тек 400 мың теңге қарызға қызмет етіп, өзіне аз қаражат қалатын. Екі несиені бір жүйеге енгізу – дұрыс қадам», – дейді сарапшы Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Алайда бұл шешім бөлшек сауда саласындағы кәсіпкерлер үшін тиімсіз болуы мүмкін. Себебі тауарлардың басым бөлігі бөліп төлеу арқылы сатылады.

«Бөліп төлеу – несиенің бір түрі. Оның жасырын пайызын кейде кәсіпкердің өзі өтейді немесе тауар бағасына қосып қояды», – дейді сарапшы.

Меруерт Қуанышбекқызының пікірінше, Қазақстанда несие алмай да өмір сүруге болады. Ол үшін қаржылық жоспар құру, қажетсіз шығынды шектеу, маркетингтік ұсыныстарға алданбау және қосымша табыс көздерін арттыру маңызды.

Сарапшы сондай-ақ кепілсіз несиенің тым көп алынуы қоғамдағы қарыз жүктемесін күшейтіп отырғанын атап өтті.

«Бүгінде қарызын қайтара алмай жүргендердің 90 пайызы – кепілсіз несие алғандар. Мұндай жағдайда банктер де тәуекелді дұрыс бағаламаған. Қарыз алушының мүлкін тартып алып, есепшотын бұғаттау – мәселені одан әрі ушықтырады. Сондықтан шектеулер енгізу қарыз жүктемесін азайтуға көмектеседі», – деді сарапшы.

Тэгтер:

несие қаржы