Axios АҚШ ұсынған соғысты тоқтату жоспарының толық мәтінін жариялады

Бүгін, 14:50 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ-тың соғысты аяқтау жөніндегі 28 тармақтан тұратын жоспарында Украина үшін аса маңызды мәселе  территориялар — 21-тармақта көрсетілген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жоспарда Қырым, Луганск және Донецк «де-факто Ресейге тиесілі» деп танылатыны айтылған. Херсон мен Запорожье майдан шебі бойымен «бұғатталған» күйде қалады. Украина Донецк облысының қазіргі өз бақылауындағы бөлігінен әскерін шығарады. Бұл аймақ демилитаризацияланған бейтарап буферлік аймаққа айналып, халықаралық деңгейде Ресей жері ретінде танылады делінген.

Жоспарда алғаш рет Украинаға қауіпсіздік кепілдіктері қарастырылған. Бірақ олар нақты көрсетілмеген: тек Мәскеу Украинаға қайта басып кірсе, «шұғыл әрі үйлестірілген әскери жауап» берілетіні және Ресейге бұрынғы санкциялар толық қалпына келтірілетіні жазылған.

Украина Конституциясына елдің НАТО-ға кірмейтіні бекітілуі керек. Альянс та өз жарғысында осыны көрсетуі тиіс (НАТО бұл туралы әзірге пікір білдірген жоқ). Сонымен қатар Украинаға ЕО-ға кіру құқығы берілетіні көрсетілген.

НАТО елдері Украина аумағында өз әскерін орналастырмайды. 

Украина армиясының саны 600 000 әскермен шектеледі. Axios-тың мәліметінше, қазір Қарулы күштер саны 800–850 мың шамасында, ал соғысқа дейін 250 мың болған.

Киев ядролық қарудан түбегейлі бас тартуға міндеттеледі.

Украина 100 күн ішінде сайлау өткізуі тиіс.

Ресейге қатысты жоспар санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастауды, АҚШ-пен ұзақмерзімді экономикалық келісімдер жасауды, соның ішінде энергетика және Арктикадағы сирек металдарды өндіру салаларын қамтитын ынтымақтастықты көздейді. Сондай-ақ Мәскеуді G8 құрамына қайта шақыру ұсынылады.

Жоспарда Украинаға да қолдау шаралары бар. Оларға Украинаны дамыту қорын құру, соғыс кезінде қираған аймақтарды қалпына келтіру, газ инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту кіреді.

Тэгтер:

украина соғыс жоспар бейбіт келісім