19-06-18 | 20:07
Оңтүстік Қазақстан облысы – Түркістан облысы болып өзгерді (видео).
Оңтүстік Қазақстан облысы – Түркістан облысы болып өзгерді (видео)

Бүгін бастап Оңтүстік Қазақстан облысы ресми түрде Түркістан облысы деп аталады. Ал, Шымкен республикалық маңызы бар қалалар қатарына кірді. Елдің әкімшілік-аумақтық құрылысына енгізілген өзгерістерді президент Н.Назарбаев арнайы жарлықпен бекітіп, оған жария түрде қол қойды. Жарлықта:

“1. Шымкент қаласы   республикалық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылсын.

2. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілсін.

3. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп қайта аталсын.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп:

бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін;

2018 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қабылдасын;

осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдасын;

2) Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарды әзірлеуге конкурс ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссия құрсын.

5. Орталық мемлекеттік органдар және Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті мемлекеттік органдары тиісті жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іркіліссіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдасын.

6. Түркістан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелері Түркістан қаласына көшкенге дейін Шымкент қаласында орналасады деп белгіленсін.

7. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

8. Осы Жарлық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі” делінген.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы болып өзгеріп, облыс орталығының Түркістан қаласына көшірілуі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу қолдау тапты.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.