Назарбаевтың үшінші әйелінің туған ағасы Айдос Есполовтың ұсталғаны хабарланды

Бүгін, 12:11 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.

«Айдос Есполов екі күн бұрын Астанада ҰҚК-мен бірлескен “антикор” тарапынан ұсталды», – деді сенбі күні ҚазТАГ редакциясына жағдайдан хабардар дереккөз.

Есполов – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші әйелі Әсел Құрманбаеваның туған ағасы.

Экс-президенттің жездесі Еуразиялық технологиялық университет пен «Alatau Asset Management Company» ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылады.

Айта кетейік, 2025 жылдың сәуір айының соңында мәжіліс депутаты Ермурат Бапи «Астана ЭКСПО-2017»-дегі қаржы жымқыру ісін көтеріп, ұлттық компания басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың айтқан деректерін келтірген. Оның айтуынша, Есполов «Астана ЭКСПО-2017» басшысының кеңесшісі қызметінде жүргенде пара алған, бірақ іс материалдарында тек «анықталмаған тұлға» ретінде көрсетілген. 

Парламентте жарияланған мәліметке сәйкес, Есполовты қылмыстық іс фигуранттарының қатарынан сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов пен антикоррупциялық қызметті басқарған Қайрат Қожамжаровтың көмегімен алып тастаған. Белгілі болғандай, Мәсімов Қаңтар оқиғаларынан кейін сотталып, қазір жазасын өтеуде, ал Қожамжаров тергеуде, бірақ әзірге қазақстандық құқық қорғау органдарының қолы жетпей отыр.
 

Тэгтер:

назарбаев үшінші әйел Айдос Есполов