Үндістанның Махараштра штатында мектеп оқушысының өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Жергілікті БАҚ мәліметінше, мұғалім сабаққа кешіккен қызға 100 рет отырып-тұру жазасын берген. Ең сорақысы – оқушы бұл жаттығуды ауыр мектеп сөмкесін арқадан түсірмей орындауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жаза орындалғаннан кейін қыздың хәлі күрт нашарлап, дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болған. Бірнеше күн өткен соң ата-анасы оны Мумбайдағы аса ірі Джей Джей ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық көмегіне қарамастан, оқушы есін жимастан қайтыс болды.
Алдын ала жасалған сот-медициналық сараптама қызда анемия болғанын анықтады. Бұл оның денсаулығы бастапқыдан әлсірегенін көрсетеді. Осы жағдай қоғамда: "Оқушының өліміне қатаң жаза тікелей әсер етті ме?" деген өткір сауалды қайта көтерді.
Махараштра билігі оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Мұғалімнің әрекеті тәртіп бұзу ма, әлде қылмыстық жауапкершілікке алып келетін іс пе – соны анықтау мақсатында тексеріс басталды.
Оқиға Үндістанда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желіде дене жазасына түбегейлі тыйым салу, мұғалімдердің жауапкершілігін күшейту туралы пікірталастарды қайта жандандырды.
Қыздың отбасы кінәлілер жазасын алып, әділдік орнауын талап етіп отыр.