Әлемде әр сегізінші әйел босанғаннан кейін депрессияға ұшырайды – зерттеу

Бүгін, 11:59 / Марғұлан Ақан
Фото: коллаж arasha.kz

Жаңа өмірді жарыққа әкелу – адамзат тарихындағы ең қуанышты сәттердің бірі. Бірақ дәл осы қуаныштың көлеңкесінде айтылмайтын, талай әйелді үнсіз қинайтын ауыр құбылыс бар: босанғаннан кейінгі депрессия. Мыңдаған жылдар бойы медицина бұл жағдайды «аналық шаршау», «гормондық құбылыс» деп жеңілдетіп түсіндіріп келді. Ал әйелдер өз бойындағы түсініксіз қорқыныштан, терең күйзелістен, белгісіз мұңнан ұялып, ешкімге айтпай жүрді. Енді ғылым бұл тылсымның құлпын аша бастады. Ең таңғаларлығы – жақында босанғаннан кейінгі депрессияны алдын ала анықтайтын қан талдауы жасалды. Бұл психикалық күйді алдын-ала болжау – медицинаның жаңа парағын ашатын өте ерекше жетістік. Knowable magazine басылымына шыққан үлкен зерттеуді қазақ тілінде ұсынып отырмыз. 

Зерттеудің бастауында Лизетт Лопес-Роуз секілді аналардың әңгімесі тұр. Босанғаннан кейін «қызыма бірдеңе болады» деген ойдан шошып оянатын, күндіз-түні мазасыздық басып, көз жасына ерік беретін аналар көп. Әлсіздік, қорқыныш, өз-өзіне деген сенімсіздік – бәрі түсінікті, бірақ әйелдердің көбі мұны мойындаудан қашады. Себебі «сені жаман ана деп ойлай ма?», «баланы тартып алады ма?» деген үрей басым. Кейбірі жарты жыл, тіпті жылдап жалғыз күреседі. Лизетт те дәл солай жүрген – тек арнайы топ тауып, ашық сөйлей бастағанда ғана қалпына келген.

Ғылымның ашып отырғаны – бұл құбылыс жай эмоциялық күй емес. Әлем бойынша әр сегізінші ана босанғаннан кейін депрессияға ұшырайды. Оның басталуы көбіне босанғаннан кейінгі алғашқы апталарда болады: ағзада эстроген мен прогестерон секілді гормондар күрт төмендейді. Бұл құлдырау әйелдің ми химиясында үлкен өзгерістер туғызады, ал кей әйелдер осы күрт ауысуға аса сезімтал. Біреуінде бәрі қалыпты өтсе, біреуінде терең қараңғылық басталуы – осы биологиялық айырмашылыққа байланысты.

Осы өзгешеліктерді анықтау үшін зерттеушілер ұзақ жылдар бойы әйелдердің қанын зерттеген. Уақыт өте келе екі ген ерекше көзге түсті: HP1BP3 және TTC9B. Босанғаннан кейін депрессияға ұшыраған әйелдердің 80 пайыздан астамында осы гендердің метилдену үлгісі өзгергені байқалған. Ең қызығы – бұл өзгерістер әйел жүкті болған кездің алғашқы триместрінен бастап-ақ байқалады. Яғни мамандар болашақ ананың миындағы эмоционалдық өзгерісті қан арқылы алдын ала «оқи» алады.

Ғалымдар мұнымен тоқтап қалмады. Олар әйелдің ағзасындағы нейроактивті стероидтарды – прогестероннан түзілетін химиялық қосылыстарды да зерттеді. Оның ішінде аллопрегнанолон деген заттың тыныштандыратын қасиеті бар екені белгілі. Ал жүктілік кезінде оның деңгейі көтеріліп, босанғаннан кейін күрт түседі. Дәл осы секіріс кей әйелдер үшін жүйкені ауыр сынаққа айналдырады. Кейбір зерттеулер аллопрегнанолон мен оған қарсы әсер ететін басқа стероидтар арасындағы тепе-теңдік бұзылғанда депрессия қаупінің арта түсетінін көрсеткен.

Осы жаңалықтар базасында жасалған myLuma атты қан талдауы – психикалық ауруларды анықтаудағы революциялық қадам. Бұл тест онкологиядағы немесе диабетті анықтайтын жай қан талдауы сияқты, бірақ алғаш рет адамның болашақта психологиялық күйзеліс сезіну ықтималдығын анықтайды. Бұл – психиатрияны биология деңгейіне түсіру деген сөз. Әйелдер енді өз кінәсін іздеп уақыт жоғалтпайды; талдау көрсетсе, алдын ала дәрігермен жоспар құрып, көмек алады.

Тест әлі FDA тарапынан толық мақұлданбағанымен, ол 2026 жылдан бастап АҚШ-тың бірнеше штатында қолданыла бастайды. Бұл уақыттан бұрын-ақ мамандар тағы да түрлі молекулалық маркерлерге үңіліп жатыр: қандағы РНҚ-ның түрлері, мидың қалдықтарды тазалау механизмдері, қабынуға қатысы бар ақуыздар – барлығы да босанғаннан кейінгі күйзелістің жасырын себептерін анықтауға көмектесуі мүмкін.

Ең қуаныштысы – ем де қарқынды дамып келеді. Босанғаннан кейінгі депрессияға арналған алғашқы дәрі – бреxанолон – 2019 жылы шыққан. Кейін оның ауыз арқылы қабылданатын нұсқасы жасалды. Бұл дәрілердің басты артықшылығы – әсері өте жылдам. Бүгінгі таңда дәрігерлер болашақта қауіпі жоғары әйелдерге осы препаратты алдын ала беруге бола ма деген сұрақты да зерттеп жатыр.

Мұның бәрі бір ғана шындыққа келіп тіреледі: босанғаннан кейінгі депрессия – әлсіздік емес. Бұл – нақты биологиялық, генетикалық және химиялық өзгерістердің нәтижесі. Сол себепті зерттеушілер жасаған қан талдауы аналарға автономия береді – өз денесін, өз психикасын алдын ала түсінуге мүмкіндік береді.

Тэгтер:

бала зерттеу бала туу әйел босану әлемде депрессия ғылыми зерттеу