Рудныйдағы көше дауы: сарапшылар билікке жауапкершілікті еске салды

Бүгін, 13:22 / Қайсар Қалам
Сурет: iagorod.kz

Рудный қаласында екі көшенің атауын өзгерту жөніндегі бастама қоғамдық тыңдауда үлкен дау туғызды. Тыңдау қорытындысы бойынша, қалалық мәслихат депутаттары 50 лет Октября көшесін — Достық, ал Иван Франко көшесін — Әлия Молдағұлова атымен ауыстыруды қолдады. 12 депутаттың 10-ы ұсынысты жақтап дауыс берді, біреуі қарсы шықты, бір депутат қалыс қалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алайда дауыс беруге дейінгі қоғамдық тыңдау шиеленіске толы болды. Залда орын жетпей, адамдар көп жиналды. Пікірталас бірнеше рет дауға ұласып, сөз алғандардың эмоциясы асқына түсті.

Тұрғындардың бірі бастаманы табиғи тарихи процесс деп қолдаса, енді бірі бұл өзгерістің қоғамдағы түйткілдерді шешпейтінін айтты. Көше атауын өзгертуге қарсылық білдіргендердің  бірі — Екатерина Корчагина. Ол мінберден сөйлеп жатып залдың қарсылығына тап болды. Астамсып сөйлеген ол «оданда әр бұрышта қақырынып жүретін балаларыңды түзеңдер» деп өрекпіді. Ұйымдастырушылар регламент сақтауды талап еткен соң, бастамашыл топпен сөзталас өршіп, ақыры полиция Корчагинаны залдан алып шықты. Мәслихат төрағасы оны «регламентті қорлағаны үшін» шығарылғанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде де Корчагинаның сөзі көпшіліктің наразылығын тудырды. 

Қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы Рудныйдағы жағдайға пікір білдіріп, елді мекендер мен көшелер атауын өзгерту мәселесі мемлекеттік деңгейде шешілуі керегін айтты. Оның айтуынша, Қазақстанның ірі қалалары — Алматы мен Астананың атауы тұрғындардың келісімінсіз, тек Мәжіліс пен мәслихат шешімімен өзгерген.

«Бұл дұрыс емес, бірақ ол — біз қабылдауға мәжбүр болған факт. Неге облыстық немесе аймақтық қалаларға келгенде басқаша тәсіл таңдалуы керек?» — дейді Қожалы.

Белсендінің пайымынша, кеңестік ностальгиясы басым өңірлерде қоғамдық тыңдаулар өткізу әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін. Оны ресейлік медиа өз пропагандасына оңай пайдаланады.

«Қазақша сөйлейтін мәслихаттың өзі талқылап, шешім қабылдауы керек. Бұл демократиялық емес, бірақ ұлттық қауіпсіздік үшін орынды қадам. Жер — қазақтың жері, атаулар да қазақша болуы тиіс. Болашақ сепаратизмге ешқандай мүмкіндік берілмеуі қажет»,  - деді қоғам белсендісі.

Оның пікірінше, бұл мәселе тек атауларға қатысты емес — ол ұлттық бірлік пен тарихи жадтың өзегіне барып тіреледі.

Рудныйдағы жағдай өңірлердегі қай атау қалу керек, қайсысы өзгеруі тиіс деген сұрақтың әлі де қоғамда өткір екенін көрсетті. Бір жағынан, тарихи әділеттілік пен ұлттық сәйкестікті күшейту талабы бар. Екінші жағынан — тұрғындардың эмоциясы мен ашық пікірталастан қорқатын билік.

Ал сарапшылардың айтуынша, мемлекеттің бұл процесті жүйелі түрде, бірізділікпен жүргізбеуі өңірлерді қажетсіз құндылықтық қақтығысқа алып келуі мүмкін.
 

Тэгтер:

көше атауы қоғам Рудный Екатерина Корчагина