6,5 жылға сотталған VIP-сутенер Айка бостандыққа шығады

Бүгін, 11:28 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

2024 жылы алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылған VIP-сутенер Айка бостандыққа шығайын деп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Сот М.-ның 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баласы бар екенін, мінездемесінің оң екенін, жеңілдетілген жағдайда отырғанын, бір көтермелеу және бір тәртіптік жазасы барын, атқарушылық құжаттар бойынша қарызы жоқтығын ескере отырып, үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы өтінішті қанағаттандырды. Сонымен бірге сот Қылмыстық кодекстің 74-бабында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, егер олардың жасаған қылмыстары мұндай шараны қолдануға тыйым салынған санатқа жатпаса, жазаны кейінге қалдыру қарастырылатынын атап өтті. М.-ға бұл шектеулер қолданылмайды. Бала мүддесін, сондай-ақ қылмыстың сипаты мен ауырлық дәрежесін ескере отырып, сот жазаны кейінге қалдыру қажет деген шешімге келді. Өтелмеген жаза бөлігі екі жылға кейінге қалдырылды. Сотталғанның жүріс-тұрысына бақылау оның тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді», – деп мәлімдеді сейсенбі күні Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2023 жылғы 6 маусымда ІІМ Алматыда элиталық эскорт қызметінің «жабық» әлеуметтік желілерін әшкерелегенін, олардың айналымы 209 млн теңгеден асқанын хабарлаған болатын. Полиция дерегінше, аталған желілер арқылы Алматыда модель келбетті қыздар қатысатын, ауқатты ерлерге арналған «жеке» секс-вечеринкалар ұйымдастырылған.

Бұл істің басты фигуранты — 25 жастағы алматылық. Тергеу мәліметінше, ол «ақшаға сексуалдық қызмет көрсетуге дайын модель келбетті қыздарды таңдаумен, сондай-ақ ауқатты клиенттерді іздеумен» айналысқан. Құқық қорғау органдарының айтуынша, «секс-бизнестің ұйымдастырушысы интернеттегі қызметін барынша жасырып, Instagram желісінде өзін табысты модель әрі блогер ретінде көрсетіп, 100 мыңнан астам жазылушысы бар үлкен аудитория жинаған».

Сол кезде полиция тінту барысында күдіктіден қылмыстық «бизнестің» жазбалары бар күнделік тәркіленгенін хабарлаған.

2023 жылғы 1 желтоқсанда КазТАГ мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған «VIP-сутенершаның клиенттер тізімінде» қазақстандық жұлдыздар мен бизнесмендердің есімдері бар екенін жазған. Бұл әйелдің ұсталғаны туралы ІІМ маусым айында хабарлаған еді.

2024 жылғы мамырда VIP-сутенер Айка алты жыл алты айға бас бостандығынан айырылған болатын.
 

Тэгтер:

сот айка VIP-сутенер