Алматы облысында үш балықшыны атып жаралаған ер адамға 15 жыл жаза тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Т.-ға қатысты ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі 1-тармағы (кісі өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық істі қарады. (…) Соттың үкімімен Т. ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 99-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, орта қауіпсіздік мекемесінде 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді», – делінген хабарламада.
Оқиға 2024 жылдың 26 қазанында болған.
«Т. есімді азамат «Ш» шаруа қожалығының аумағында, Қонаев–Бақанас автожолының 26-шақырымында спирттік ішімдік ішкен соң шамамен 22:00-де Іле өзенінің жағасына барған. Сол жерде балық аулап отырған «У», «Д» және «К» есімді азаматтарды көріп, олардың бағытына бірнеше рет мылтық атқан. Салдарынан У., Д. және К. әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болды», – деп нақтылады сот.