Сүйінші, ағайын! Аймағамбетов еліміздегі барша дәрігерді қуантатын жаңалығын айтты

Бүгін, 19:44 / Ахмет Қанатұлы
Sputnik / Санат Имангалиев. Суретте: Асхат Аймағамбетов

Мәжіліс депутаттары дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтуді көздейтін заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне қатысты 280 шабуыл тіркелген.

"Бұл – айсбергтің тек ұшы ғана. Шынайы санды кемінде 10-ға көбейтуге болады. Көптеген медицина қызметкері арыз жазбайды, өйткені олардың қорғау табатынына сенімдері жоқ, бұған қоса тергеуге уақыт жоғалтқысы келмейді", – деді ол.

Депутат заңнамаға түзетулер енгізудің маңыздылығын нақты мысалмен түсіндірді:

Қостанайда тәжірибелі урологқа қабылдау кезінде күтпеген жерден шабуыл жасалып, дәрігер ауыр жарақат алған. Бас сүйегі сынған, миына гематома жиналған. Ол кемінде төрт ай еңбекке жарамсыз.

"Бір қарағанда, тек бір адам зардап шеккендей көрінеді. Бірақ сандарға назар аударайық: осы төрт ай ішінде ол дәрігер 960 науқасты емдей алар еді. Бұл – шамамен мыңға жуық қазақстандық дер кезінде білікті көмек ала алмады деген сөз. Кімнің ауруы асқынды, кімге операция жасалмады – бәрі белгісіз. Яғни бір дәрігерге шабуыл жасау – мыңдаған азаматты емсіз қалдырумен тең", – деді Аймағамбетов.

Жаңа жаза шаралары қандай?

Заң жобасында медицина қызметкерлерін қорғау мақсатында Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу көзделген. Онда дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға және жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолданғаны үшін жазаны қатаңдату, мұндай істерді алдын ала тергеу құзыретін ішкі істер органдарына беру қарастырылған.

Аймағамбетовтың сөзінше, қазіргі нормалар бойынша жеңіл дене жарақатын салған адам 25–50 тәулікке қамауға алынады немесе 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ал жаңа түзетулерге сәйкес 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы – 3,9 млн теңге), 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс қарастырылып отыр.

"2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бір жағынан, бұл – қатаң, бірақ менің ойымша, әділ өзгерістер. Олар дәрігерлерімізді қорғауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде көп дәрігердің қабылдау бөлімінде жұмыс істеуден қорқатынын көріп отырмыз", – деді депутат.

Тэгтер:

дәрігер Асхат Аймағамбетов жаза