26 қараша күні Гонконгтағы Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде шыққан алапат өрт салдарынан қаза тапқандар саны 44 адамға жетті, деп Arasha.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымның жазуынша, тағы 45 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген, ал 279 тұрғын із-түссіз жоғалғандар қатарында.
Өртті толықтай сөндіру мүмкін болмаған: жалынды ауыздықтауға 10 сағаттан аса уақыт кеткен. Басылымның мәліметінше, кешендегі төрт ғимарат әлі де от құшағында.
Тұрғын үй кешеніндегі сегіз блок 2024 жылдың шілдесінен бері жөндеу жұмыстарында болған. Билік өкілдері өрттің тым жылдам тарауы "ерекше жағдай" екенін атап өтті. Қазір өрттің себебін анықтау үшін қылмыстық тергеу жүргізілуде.
Кейінірек полиция осы өртке байланысты абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша үш адамды ұстағанын хабарлады. Тергеуге қатысты қосымша мәліметтер бүгін, 27 қарашада өтетін брифингте жарияланбақ.