Денсаулық сақтау министрі Әлназарова ұшақ бортында жолаушыға алғашқы көмек көрсетті

Бүгін, 13:13 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Астана – Алматы бағытындағы, ұшуға дайындалып жатқан әуе рейсінде бір жолаушының жағдайы кенеттен нашарлап кетті. Оған алғашқы медициналық көмекті сол рейсте болған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова көрсеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға туралы Threads желісінде Айгүл Елемес жазды. Оның айтуынша, ұшақ ұшу жолағына бет алған сәтте салоннан көмек сұраған дауыс естілген — бір жолаушының жүрегі айнып, дәрігер қажет болған.

Куәгердің айтуынша, бортсерік жолаушылардан арасында дәрігер бар-жоғын сұраған. Көмек көрсетіп жатқан әйел өзінің дәрігер екенін айтып, медициналық көмек көрсетуді жалғастырған.

Жолаушыға қажетті дәрілер, су мен шай берілген. Халі жақсарған соң, ол ұшуды жалғастыра алатынын айтқан, кейін экипаж ұшуға дайындықты қайта бастаған.

Кейін белгілі болғандай, көмек көрсеткен дәрігер — Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова екен. Ол тіпті санитарлық пакетті ауыстырып, жолаушының қысымын өзі бақылап отырған.

Тэгтер:

министр Ұшақ Ақмарал Әлназарова жедел көмек